Америкалық Fortune басылымы АҚШ-тың 1812 жылы Ұлыбританиямен жүргізген соғысы мен қазіргі Иранмен қақтығысын салыстырған мақала жариялады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, екі қақтығыста да сауда қысымы, ауыр экономикалық шығындар және америкалық биліктің соғыс барысына қатысты оптимистік мәлімдемелері қатар жүрген.
Мақала авторы 1812 жылғы соғыстың АҚШ аумағында өткенін негізгі ерекшелік ретінде атап өтеді. Оның айтуы бойынша, бұл қақтығыс мыңдаған адамның өмірін қиды. Ал 1814 жылы британ әскері Вашингтонға басып кіріп, Капитолий мен Ақ үйді өртеп жіберген.
Экономикалық қысым тұрғысынан тарихи және қазіргі параллельдер ұқсас өрбиді. АҚШ президенті Томас Джефферсон 1807 жылы Ұлыбритания мен Францияға қарсы эмбарго жариялап, сыртқы саудаға тыйым салды. Fortune келтірген мәліметке сәйкес, эмбарго салдарынан бір жыл ішінде АҚШ экспорты шамамен 80 пайызға, ал импорты 60 пайызға жуық қысқарды.
Автор бұл шараны АҚШ экономикасына жасалған «өздігінен келтірілген соққы» деп бағалайды. әскери қақтығыс басталмай тұрып елде экономикалық құлдырау болғанын жазады.
Осыған ұқсас ахуал қазір де байқалады. Мақалада АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтеріне қатысты Tax Foundation бағалаулары келтірілген. Трамптың тарифтері тұтыну бағасын 3,1 пайызға өсірсе, ұзақ мерзімді перспективада АҚШ жалпы ішкі өнімінің 0,4 пайызға төмендетіп, толық жұмыс күнімен есептегенде 345 мыңға жуық жұмыс орнын қысқартуы ықтимал.
Сонымен қатар, автор қазіргі энергетикалық нарықтағы шиеленісті Ормұз бұғазының жабылуымен де байланыстырады. Халықаралық энергетика агенттігі бұл жағдайды тарихтағы мұнай жеткізіліміне жасалған ең ірі кедергі деп атады.
Ұлыбританиямен соғысқа келсек, АҚШ оған 1812 жылғы 18 маусымда соғыс жариялады. Америкалық әскердің Канадаға жасаған алғашқы шабуылдары сәтсіз аяқталды. Мәселен, бригадалық генерал Уильям Халл Детройт бекінісін британдықтарға берді.
Алайда 1813 жылғы қыркүйекте Эри көліндегі теңіз шайқасында АҚШ-тың жеңіске жетуі Детройтты қайтаруға және Солтүстік-Батыс аумағына бақылауды қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
АҚШ пен Ұлыбритания арасында жасалған келісімшарт «Гент келісімі» деп аталып, 1814 жылы 24 желтоқсанда Гент қаласында құжатқа қол қойылды.
Келісім әскери қимылдарды тоқтатуды көздеп, АҚШ-тың тәуелсіздігі мен 1783 жылғы Версаль бейбіт келісімі арқылы белгіленген шекаралардың сақталуын растады. Тараптар соғыс барысында басып алынған аумақтарды бір-біріне қайтаруға міндеттенді.
Сонымен қатар құжатта жергілікті байырғы халықтарға қарсы әскери әрекеттерді тоқтату және құл саудасын шектеу шараларын қабылдау жөніндегі міндеттемелер қамтылды.
Алайда Гент келісімі екі ел арасындағы барлық даулы мәселені түбегейлі шешпесе де екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға негіз болды.
АҚШ пен Канада арасындағы шекараны нақтылау, теңіздегі еркіндік мәселесі және басқа да даулар кейінгі келіссөздер арқылы реттелді.
Fortune авторының пікірінше, АҚШ соғыста британ флотының америкалық теңізшілерді күштеп жұмылдыруын тоқтату және Канаданы басып алу мақсатына қол жеткізе алмады.
Осындай пікір білдірген демократ-сенатор Кирстен Джиллибранд шілде айының соңындағы АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты нақты жоспар мен бірізді стратегиясыз басталған науқан деп бағалады.
Авторы: Лев Шевцов



















