Бразилия Президенті Луис Инасиу Лула да Силва АҚШ президенті Дональд Трамптың елін басқаруға құқығы барын, алайда басқа мемлекеттерге өз еркін таңуға қақысы жоқ екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Бразилия Президенті Луис Инасиу Лула да Силва CNN телеарнасына берген сұхбатында мәлім етті.
Бразилия Президенті: «Трамп АҚШ президенті болып сайланды. Ол өз елін басқаруға құқылы, бірақ басқа елдерге өз дегенін жүргізуге құқығы жоқ», — деді.
Лула да Силваның пікірінше, Трамп халықаралық мәселелерге біржақты көзқараспен қарайды. Оның айтуынша, жаһандық қайшылықтарды тек көпжақты ынтымақтастықты нығайту арқылы ғана шешуге болады.
Луис Инасиу Лула да Силва: «Трамп «Мен ең күштімін, мен ең баймын, қалағанымды істей аламын, ал қалғандары маған бағынуы тиіс” деген ұстаным ұстанады. Мен мұнымен түбегейлі келіспеймін», — деді.
Сондай-ақ Лула да Силва Бразилия АҚШ-пен өзара диалог пен келіссөздерді әрдайым қолдайтынын, алайда сырттан келетін кез келген қысымды қабылдамайтынын баса айтты.
Сонымен қатар, Бразилия Президенті Венесуэла Президенті Николас Мадуроға тағылған айыптарға да тоқталып: «Егер Мадуро қателік жасаған болса, оны соттау керек. Ол сот алдында жауап беруі тиіс. Бұл мәселе жан-жақты тергелуі қажет. Мемлекет жай ғана негізсіз айып таға салмауы тиіс», — деді.
Лула да Силваның айтуынша, АҚШ-тың Венесуэлаға қатысты ұстанымы Вашингтон бұл елді тікелей басқарып отырғандай әсер қалдырады. Бразилия Президенті АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың мәлімдемелері де дәл осындай пікір тудыратынын атап айтып: «Басқаша айтқанда, бұл жерде елдің егемендігі іс жүзінде жойылғандай», — деді.
Лула да Силва мұндай жағдайдың Венесуэлаға да, жалпы демократияға да ешқандай пайда әкелмейтінін мәлім етті.
Сонымен қатар Бразилия Президенті әр мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қатаң қорғау қажеттігін баса айтты. Оның пікірінше, қазіргі таңда кез келген ел басқа мемлекетке басып кіре алатындай қауіпті үрдіс қалыптасып барады.
Лула да Силва экономикасы ең ірі, озық технологияларға, қуатты армия мен ядролық қаруға ие алпауыт мемлекеттер соғыстарды ушықтырмай, керісінше оларды тоқтатып, бейбітшілік орнатуға күш салуы тиіс деп санайды. Алайда ол бұл елдердің қақтығыстарды реттеудің орнына, оларды одан әрі ушықтырып отырғанын баса айтты.
















