Пәкістан, Сауд Арабиясы және Түркия сыртқы істер министрлері “Мекке қауіпсіздік альянсының” институционалдық құрылымдарын қалыптастыру барысын талқылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, Пәкістан Премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхақ Дар жұма күні Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысы аясында Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Фейсал бин Фархан және Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен кездесті. Кездесуде “Мекке келісімін” институционалдандыру үдерісі талқыланды.
Исхақ Дар X әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Үш тарап бұл кездесуде аталған келісімнің институционалдық құрылымдарын құруға қатысты қол жеткізілген нәтижелерді қарастырып, аймақтық және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты», – деп мәлімдеді.
Айта кетейік, бірлескен қауіпсіздік туралы келісімге 6 тамызда Пәкістан, Сауд Арабиясы және Түркия Мекке қаласында қол қойылды. Келісімге сәйкес, мүше мемлекеттердің кез келгеніне жасалған қарулы шабуыл барлық мүше мемлекетке жасалған шабуыл ретінде қарастырылады.
Аталған альянстың алғашқы отырысы 31 тамызда Ыстамбұлда өтті. Кездесуде үш елдің өкілдері альянстың институционалдық құрылымын қалыптастыру мәселесін талқылады. Осы отырыста Пәкістанға альянстың Эр-Риядта орналасатын хатшылығына төрағалық ету міндеті жүктелді. Кейін 23 қыркүйекте Пәкістанның отставкадағы генералы Нұман Махмұд “Мекке пактінің” алғашқы бас хатшысы болып тағайындалды.
Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, соңғы кездесуде үш мемлекет Йемендегі “Ансаралланың” Сауд Арабиясына жасаған шабуылдарын айыптап, “Мекке келісімі” аясында Сауд Арабиясын қолдау мақсатында үш елдің армия штабтары басшыларының шұғыл отырысын өткізу мәселесін талқылады.
Министрлік сондай-ақ, үш тарап альянстың Бас хатшылығын, комитеттері мен жұмыс топтарын құру барысын және олардың жұмысын бастауға дайындықты қарастырғанын хабарлады.
















