«Washington Post» газеті сәрсенбі күні жариялаған мақаласында АҚШ-тың Ирактан шығуының салдарына тоқталып, Иранның аймақтың болашағын қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқанын жазды.
The Washington Post басылымы АҚШ әскери күштерінің Ирактан жиырма жылдан кейін шығарылуына арналған мақаласында бұл қадамның Иран өз ықпалын күшейту арқылы аймақтағы болашақ оқиғалардың орталығынан бұрын-соңды болмағандай мықты орын алған тұста жүзеге асырылып жатқанын жазды.
Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі Марк Кансианның айтуынша, АҚШ әскерінің шығарылуы Иранның аймақтағы позициясын күшейтуі мүмкін.
Кансианның пікірінше, 2003 жылы Саддам Хусейннің биліктен құлатылуына ұластырған әскери операция Иракты тұрақсыздыққа ұшыратып, Иранның батыс шекарасындағы басты қарсыласын жойды.
АҚШ жауапты тұлғалары Иракта қалған соңғы америкалық әскери күштердің Иорданияға көшірілгенін хабарлады. Иорданияда «Ислам мемлекеті» күштеріне қарсы жүргізіліп жатқан америкалық миссияның штабы орналасқан.
Пентагон өкілі Шон Парнелл сәрсенбі күні жариялаған мәлімдемесінде АҚШ әскері мен техникасының шығарылуы соғыс уақытындағы коалициялық миссиядан Ирак басқаратын қауіпсіздік күш-жігеріне көшу кезеңін білдіретінін айтты.
«Washington Post» газетінің жазуынша, АҚШ әскерінің Ирактан көшірілуі Вашингтонда айтарлықтай резонанс тудырмаған.
Ал 2003 жылғы Иракқа жасалған шабуылдың зардаптары ұрпақтан ұрпаққа жететін ауыр адам шығыны мен қаржылай зиян келтірген болатын.
Браун университетінің «Соғыс шығындары жобасының» деректері бойынша, АҚШ-тың Иракқа басып кірген уақытынан 2023 жылға дейін шамамен 210 мың ирактық бейбіт тұрғын қаза тапты».












