Армения мен Әзербайжан аясынан шығып, үлкен геосаяси мәселеге айналған «Трамп жолы» (TRIPP) бастамасының болашағы Иранның осы жобаға қатысты ұстанымына байланысты болмақ.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша,«Трамп жолы» (Trump Route for International Peace and Prosperity—TRIPP) деп аталатын бастама соңғы бір жылда көлік жобасы аясынан шығып, Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастан әлдеқайда кең мәселеге айналды. Бүгінде бұл жоба Кавказдың алдағы жылдардағы геосаяси келбетіне қатысты маңызды мәселелердің біріне айналып отыр.
Жобаның жүзеге асуы Арменияның оңтүстігіндегі Сюник өңірімен тікелей байланысты болғандықтан, Иран бұл мәселеге ерекше мән береді. Тегеран үшін бұл аумақ Еуразиялық экономикалық одақпен, Ресеймен және Еуропамен құрлықтағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі саналады. Сол себепті Сюниктегі кез келген өзгерісті Иран тек көлік қатынасы ретінде емес, ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін фактор ретінде қарастырады. Дәл осы жағдай Тегеранның TRIPP жобасына қатыстағы қазіргі ұстанымын түсіндіреді.
«Трамп жолы» тұжырымдамасы 2025 жылдың 8 тамызында Вашингтонда Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан Президенті Илһам Әлиевтің АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен бірлескен декларацияға қол қоюынан кейін жандана түсті. Жоспар бойынша бұл дәліз Әзербайжанды Нахчыванмен байланыстырып, Каспий маңы, Орталық Азия мен Еуропаны жалғайтын кең көлік желісінің бір бөлігіне айналуы тиіс. Жоба автомобиль, теміржол және энергетикалық инфрақұрылымды қамтиды.
Құжаттарға сәйкес, жоба Арменияның заңнамасы мен егемендігі аясында жүзеге асады, яғни ел аумағын шетелдік басқаруға беру қарастырылмайды. 2026 жылдың мамырында тараптар стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі негіздемелік келісімді жариялады. Оған сәйкес, жобаны басқаратын арнайы компанияда бастапқыда АҚШ үлесі 74 пайыз, Армения үлесі 26 пайыз болып, кейін оны 49 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Келісім мерзімі — 49 жыл.
Премьер-министр Никол Пашинян TRIPP аясында Армения аумағында шетелдік әскери күштердің орналаспайтынын бірнеше рет атап айтты.
TRIPP жобасының іс жүзінде жүзеге асуы әзірге жоспарланған мерзімнен кешігіп жатыр. 2026 жылғы шілдеде Армения үкіметі АҚШ-пен жасалған негіздемелік келісімді ратификациялауды бастаса, қыркүйекте Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов физикалық құрылыс жұмыстарының 2027 жылға шегерілгенін мәлімдеді.
Неліктен Иран TRIPP-ке алаңдайды?
Иран Армения пен Әзербайжан арасындағы бейбітшілік пен көлік қатынасының дамуын қолдайтынын айтқанымен, шекарасына жақын аймақта АҚШ-тың қатысуына байланысты бірнеше факторға алаңдаушылық білдіреді. Атап айтқанда қауіпсіздік мәселесі.
Вашингтонмен арадағы күрделі қарым-қатынасты ескерсек, Иран өз шекарасына таяу жерде кез келген америкалық инфрақұрылымның пайда болуын ұлттық қауіпсіздігіне қатер деп қабылдайды.
Егемендік пен бақылау
Тегеран Сюник өңірінде Арменияның егемендігі шектелетін ерекше режимнің орнауынан қауіптенеді. Сондықтан маршруттағы қауіпсіздікті кім қамтамасыз ететіні мен нысандарды нақты кім басқаратыны Иран үшін аса маңызды.
Экономикалық мүдде
Егер жаңа транзиттік ағындар Иранды айналып өтетіндей ұйымдастырылса, ел өзінің көлік-логистикалық әлеуетінің бір бөлігін жоғалтуы мүмкін.
Дегенмен, керісінше сценарий де жоқ емес. Егер жоба Арменияның егемендігін толық сақтай отырып жүзеге асса және елдің көлік желісін Иран инфрақұрылымымен байланыстырса, бұл Тегеран үшін де жаңа нарықтар мен транзиттік бағыттардың ашылуына жол ашуы ықтимал.
Соңғы айларда Иран өз ұстанымын нақтылай түсті. Тегеран үшін басты екі талап бар. Біріншісі — Арменияның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне нұқсан келмеуі, екіншісі — өңірде АҚШ әскери күштерінің болмауы. Бұл ұстаным Иранның TRIPP жобасына толықтай қарсы еместігін, тек белгілі бір шарттарды алға қоятынын көрсетеді.
Иранның Армениядағы елшісі Халил Ширғолами қыркүйек айында Тегеранның жобадағы кейбір өзгерістерді байқап отырғанын айтып, тұрақты пікір алмасу тетігін құруды ұсынды. Иранның көзқарасы бойынша, жоба Арменияның егемендігіне қауіп төндірмей, арнайы мониторинг тетіктері арқылы бақылануы тиіс.
Сонымен қатар Тегеран көлік байланысын өз аумағына қарай кеңейтуді ұсынып отыр. Ширғоламидің айтуынша, Әзербайжан Нахчыван арқылы Армения мен Иран арасындағы теміржол қатынасын қамтамасыз етуі керек. Мұндай байланыс жүзеге асса, Армения Парсы шығанағы мен Қара теңізді жалғайтын маңызды транзиттік торапқа айналуы мүмкін.
Сонымен қатар,Иран Кавказдағы мәселелерді аймақ мемлекеттерінің қатысуымен шешуге басымдық беріп, бұл тұрғыда Армения, Әзербайжан, Грузия, Иран, Түркия және Ресей кіретін «3+3» форматын маңызды санайды. Тегеранның пікірінше, инфрақұрылымдық жобалар бір ғана сыртқы күштің емес, өңір елдерінің мүддесін ескеруі тиіс.
Бұл ұстаным кей тұста Ресейдің мүдделерімен де үндеседі. Мәскеу Арменияға тиімді болса TRIPP жобасын қолдайтынын айтқанымен, өз экономикалық және көлік саласындағы мүдделерін де қорғауға тырысады. Сондықтан Ресей үшін бұл жобаның нақты қалай жүзеге асатыны және өзінің бұл үдеріске қаншалықты қатыса алатыны маңызды.
TRIPP-тің болашағы неге байланысты?
Қазіргі таңда «Трамп жолының» тағдыры тек Вашингтон, Ереван және Баку арасындағы келісімдермен шектелмейді. Жоба бірнеше мемлекеттің мүддесі тоғысқан нүктеге айналғандықтан, оның архитектурасы Иран мен Ресейдің ұстанымынсыз қалыптаспайды.
Егер TRIPP Арменияның егемендігін сақтап, Иранның қауіпсіздік талаптарын ескерсе, елге экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, Ресейдің де мүддесін жоққа шығармаса, жобаның жүзеге асу мүмкіндігі едәуір арта түседі. Ал қауіпсіздік мәселелері шешімін таппай, жоба өңірдегі саяси тепе-теңдікті бұзу құралы ретінде қабылданса, жаңа кедергілердің туындайтыны сөзсіз.
Құрылыстың 2027 жылға шегерілгенін ескерсек, «Трамп жолы» әзірге дайын көлік дәлізінен гөрі, Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси тәртіптің бір элементі тәрізді. Оның нақты сипаты Арменияның егемендігі, Иранның қауіпсіздік талаптары, Әзербайжанның көлік мүдделері, сондай-ақ АҚШ пен Ресейдің өңірдегі рөлі арасындағы тепе-теңдікке тікелей байланысты болмақ.
Авторы: Егор Лисовенко
















