Израиль полициясы Иордан өзенінің Батыс жағалауында еуропалық дипломаттар мен америкалық фототілшіге жасалған шабуылға қатысты тергеу аясында 10 адамды ұстады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, ұсталғандардың барлығы — Израиль азаматтары.
«Зәйтүн жапырағы» деп аталған арнайы операцияға Иудея мен Самария округінің полициясы, шекара полициясы, Шин-Бет қауіпсіздік қызметі және Израиль армиясы қатысқан.
Оқиғалардың алғашқысы 16 қазанда болған. Сол күні бетперде киген израильдік қоныстанушылар The Washington Post газетінің фототілшісі Хайди Левинге шабуыл жасады. Салдарынан ол бірнеше жерінен сүйегі сынып, дене жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді.
Келесі күні, 17 қазанда, бетперде киген қоныстанушылар Палестина аумақтарына барған Франция, Бельгия және Польша дипломаттарының тобына шабуыл жасаған.
Шабуыл салдарынан топ құрамында болған Францияның Олнуа-Эмери қаласының 78 жастағы мэрі Бернар Боду ауыр жарақат алған. Мәліметке сәйкес, шабуылдаушылар оны теуіп, темірмен ұрған. Сонымен қатар Францияға қарсы балағат сөздер айтқан.
Қазіргі уақытта Израиль полициясы шабуылдарға қатысы бар деген күдікпен ұсталған адамдарға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.




















