АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс алдағы сайлауда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды қолдамайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың Биньямин Нетаньяхуды қолдайтынын жариялағанынан бір күн өткен соң жасалды.
Вэнс журналист Марк Халперинге берген сұхбатында Израильдегі сайлауға араласу ойында жоқ екенін айтып: «Мен тек америкалық кандидаттарды қолдаймын. Бүкіл назарым АҚШ-тағы аралық сайлауға бағытталған. Сондықтан Израильдегі сайлауға араласқым келмейді», — деді.
Вице-президент бұл мәлімдемені Солтүстік Каролинаға сапары кезінде жасады. Ол бұл өңірде АҚШ Сенатына Республикалық партия атынан түсіп жатқан үміткер Майкл Уотлидің сайлау науқанына қатысып, жергілікті тұрғындарды оған дауыс беруге шақырды.
Өткен жылы Вэнс Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбанды қолдаған болатын. Алайда кейін Орбанның партиясы парламенттік сайлауда жеңіліске ұшырады.
Вэнстің бұл мәлімдемесі АҚШ пен Израиль қарым-қатынасындағы күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. АҚШ-тағы аралық сайлау қарсаңында антисемитизм мен Израильге қатысты ұстанымдар төңірегіндегі саяси пікірталастар күшейе түсті. Мәселен, Республикалық партия өкілдері Демократиялық партияның кейбір кандидаттарын, соның ішінде Мичиган штатынан Сенатқа үміткер Әбдул әл-Сайедті еврейлер мен Израильге қарсы көзқараста деп айыптап отыр.
Бұған дейін Джей Ди Вэнс Израиль үкіметінің кейбір өкілдерін Дональд Трамптың Иранмен қақтығысты реттеу бағытындағы күш-жігеріне кедергі келтірді деп айыптаған болатын. Нақтырақ айтсақ, шілде айында ол Израильдің кейбір шенеуніктері келіссөздерді бұзып, соғыстың жалғасуына қол жеткізу мақсатында АҚШ-тағы қоғамдық пікірге ықпал етуге тырысқанын мәлімдеген болатын.


















