Сомали билігі БАӘ елшісіне ел аумағынан кету үшін 72 сағат уақыт берді.
Сомали үкіметі кеше, бейсенбі күні Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) өкілінен 72 сағат ішінде ел аумағынан кетуді талап етті.
Сонымен қатар Әбу-Дабидегі өз елшісін Могадишоға кері шақыртып алды.
Сомалидің ресми ақпарат агенттігі жариялаған мәлімдемесінде осы елдің Ақпарат министрі Абдулфаттах Қасым Мохаммед үкіметтің аталған екі шешімді қабылдағанын айтқанымен, алайда бұған қатысты толығырақ мәлімет бермеді.
Бұл шаралар Сомали президенті Хасан Шейх Махмудтың БАӘ-ге таққан айыптауларынан кейін қолға алынды. Махмуд Әбу-Дабиді «Сомалидің ішкі істеріне араласты, орталық үкіметті әлсіретті, ішкі қақтығыстарды ушықтырды және қарулы жасақтар құрды» деп айыптаған болатын.
Сомалидің Ақпарат министрі Абдулфаттах Қасым Мохаммед елдің ресми ақпарат агенттігі таратқан мәлімдемесінде: «БАӘ-мен бірлесіп Сомалиге қарсы басқыншылық жасауға атсалысқан кез келген тұлғаға қарсы тиісті шара қолданылады.
Біз барша Сомали халқын өз елін қорғауға және БАӘ-нің Сомалидің егемендігіне, қауіпсіздігіне, аумағына және бірлігіне жасаған ашық басқыншылығына қарсы бірігуге шақырамыз», — деді.
Махмуд сейсенбі күні теледидардан сөйлеген сөзінде Сомалидің ел бірлігі мен егемендігіне нұқсан келтіретін кез келген сыртқы араласуға жол бермейтінін баса айтты.
Ол: «БАӘ соңғы жылдары федералды үкіметтің билігін әлсіретуге, саяси алауыздықты тереңдетуге және Сомалидің мемлекеттік басқару жүйесінен тыс қауіпсіздік құрылымдары мен байланыстар орнатуға әкеп соққан әрекеттер жасады», — деп мәлімдеді.
Бұған жауап ретінде БАӘ президентінің кеңесшісі Анвар Қарғаш сәрсенбі күні Сомали президентінің мәлімдемелеріне пікір білдіріп, оларды «оның ұстанымдары мен саясатындағы тұрақсыздықтың көрінісі» деп атап, бұл сөздердің ұлттық мүддеден гөрі жеке есептерді жоғары қою тұрғысынан күмән тудыратынын айтты.
IRNA ақпарат агенттігінің БАӘ-нің ресми ақпарат агенттігіне (WAM) сілтеме жасап хабарлауынша, БАӘ Сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде Сомали үкіметінің бұл әрекетін Әбу-Дабиге қарсы бағытталған шиеленісті әрі дұшпандық қадам деп атап, оны қатаң айыптады.
Министрлік елдер арасындағы қарым-қатынасқа көлеңке түсіретін шешімдер саяси есептер мен ішкі келіспеушіліктерден аулақ болып, ортақ мүдделер негізінде қабылдануы тиіс екенін баса айтты.
Сондай-ақ, БАӘ Сыртқы істер министрлігі Сомали үкіметінің БАӘ-ні билік үшін болып жатқан өз ішкі тартыстарына араластырғанына өкініш білдіріп, мұндай қадамның екі халықтың мүдделеріне теріс әсер етуі мүмкін екенін ескертті.













