Әзербайжан Президенті Илһам Әлиев ирандық әріптесі Масуд Пезешкианға Бакудің бауырлас Иран халқымен бірге екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудей агенттігінің хабарлауынша, Әзербайжан Президенті Илһам Әлиев Иран Президенті Масуд Пезешкианның сөзінен кейін Бакудің бауырлас Иран халқының қасында екенін мәлімдеді.
Ол X әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Құрметті Президент Масуд Пезешкиан мырза! Әзербайжан туралы айтқан жылы да ықыласты сөзіңіз үшін алғыс айтамын. Әзербайжан мен Иран халықтары қиын-қыстау күндерде әрдайым бір-бірінің қасынан табылған. Аймағымызда орын алған оқиғалар аясында Әзербайжан өзінің бауырлас Иран халқымен бірге екенін тағы бір мәрте көрсетті», — деп жазды.
Еске салайық, Иран Ислам Республикасының Президенті баспасөз мәслихатында соғыс жағдайындағы көрші елдердің ынтымақтастығына тоқталып: «Пәкістан қазір бүкіл болмысымен ынтымақтасып жатыр. Ауғанстан өте жақсы ынтымақтастық танытуда. Түркіменстан да тиісті деңгейде әріптестік жасауда, Ресей мен Ирак та бізге жақсы көмектесті. Ал Әзербайжан Республикасына келер болсақ, кейбір саяси мәселелерге қарамастан, диалог пен өзара іс-қимыл жалғасып жатыр», — деген болатын.
Ол сонымен қатар аймақтық дипломатияның қоршау мен соғыс салдарынан туындаған шектеулердің әсерін азайтудағы рөлін баса айта отырып: «Егер аймақтық дипломатиядағы бұл үдеріс болмағанда, бүгінде еліміздің игілігіне беріліп жатқан қамтамасыз ету шаралары мен мүмкіндіктер қайдан алынар еді деген сұрақ туындайды», — деп мәлімдеді.












