Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы Ирандағы «Бушер» атом электр станциясының құрылыс алаңына мамандарын қайта жібере бастады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Корпорацияның Бас директоры Алексей Лихачев мәлім етті. Алексей Лихачевтің айтуынша, станцияға бес инженерлік-техникалық қызметкер келіп, қазіргі таңда жобада жұмыс істеп жатқан ресейлік мамандардың жалпы саны 25 адамға жеткен.
Лихачев журналистерге: «Бес инженерлік-техникалық қызметкер келіп, өз міндеттерін атқара бастады. Қазір жобада жұмыс істеп жатқан ресейлік мамандардың жалпы саны 25 адамды құрайды», — деді.
«Росатом» Бас директорының айтуынша, алдағы екі аптада Иранға тағы бірнеше ондаған қызметкерден тұратын топты жіберу жоспарланып отыр. Алайда бұл жоспар АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың қайта ушықпауына байланысты жүзеге асырылмақ.
«Росатом» күз айларында «Бушер» АЭС жобасында жұмыс істейтін қызметкерлер санын 100 адамға дейін жеткізуді көздеп отыр. Корпорация басшысы: «Біздің негізгі мақсатымыз — бұған дейін Ислам Республикасынан эвакуацияланған барлық мамандарды мүмкіндігінше тезірек қайтару», — деді.
Лихачевтің айтуы бойынша, «Бушер» атом электр станциясының құрылыс алаңында негізгі және қосалқы нысандарды салу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта №2 және №3 энергоблоктарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар гидротехникалық нысандар бойынша дайындық жұмыстары басталған. «Росатом» Бас директоры ресейлік мамандардың станциядағы жұмысын соғысқа дейінгі деңгейге толық қайтару Тегеран мен Вашингтон арасындағы әскери қимылдарды тоқтату жөніндегі түпкілікті келісім жасалғаннан кейін ғана мүмкін болатынын атап айтты.
«Бушер» атом электр станциясы Иранның оңтүстігіндегі Бушер провинциясында орналасқан. Атом станциясының алғашқы энергоблогы Ресейдің қатысуымен салынып, 2011 жылы электр энергиясын өндіре бастады. Қазіргі уақытта «Росатом» станцияның №2 және №3 энергоблоктарын салу жобасына қатысып жатыр. Иранға жасалған әскери соққыларға байланысты көктемде «Росатомның» шамамен 600 қызметкері «Бушер» атом электр станциясынан эвакуацияланған. Ал, шілде айында мемлекеттік корпорация құрылыс алаңына қызметкерлерін қайтара бастады. Алайда аймақтағы жаңа шиеленіске байланысты бұл үдерісті уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Қазір мамандарды кезең-кезеңімен қайтару қайта басталды. Корпорация қызметкерлер санын біртіндеп көбейтіп, жоба бойынша жұмыс көлемін соғысқа дейінгі деңгейге жеткізуді жоспарлап отыр.


















