Бакуде Ресей, Әзірбайжан және Иран өкілдері аймақтағы инфрақұрылымдық ынтымақтастық пен көлік байланысын нығайту мәселелерін талқылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Әзірбайжан Республикасының астанасы Бакуде Ресей Федерациясы, Әзірбайжан Республикасы және Иран Ислам Республикасы өкілдерінің кездесуі өтті.
Ресей делегациясын Премьер-Министрдің орынбасары Алексей Оверчук, Әзірбайжан делегациясын Премьер-Министрдің орынбасары Шахин Мустафаев, Иран делегациясын Көлік және қала құрылысы министрі Фарзане Садеқ басқарды.
Кездесуде аймақтағы инфрақұрылымдық ынтымақтастық пен көлік байланысын нығайту мәселелері талқыланды.
Әзірбайжан Премьер-министрінің орынбасары Шахин Мустафаев үш ел арасындағы теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарына негізделген сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету қажеттігін баса айтты.
Кездесу барысында Ресей Премьер-Министрінің орынбасары Алексей Оверчук «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің батыс бағытын дамыту шеңберінде тасымалдаушылар, экспорттаушылар және импорттаушылар үшін жайлы және кедергісіз орта құру бойынша бірлескен шешімдерді әзірлеудің маңыздылығын атап айтты.
Үшжақты кездесудің қорытындысы бойынша Коммюнике қабылданды.















