Ереван мен Баку бітімгершілік келісімінің мәтіні бойынша келіссөздерде айтарлықтай жетістіктерге жетті.
Еуразия Тудейдің Sputnik агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Мальтада өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында мәлімдеді.
Әзірбайжан дипломаты аймақта бейбітшілік орнағанын жариялап, бұл мемлекетаралық қатынасты қалыпқа келтіруде жаңа мүмкіндіктер ашқанын баса айтты.
Джейхун Байрамовтың айтуынша, 2023 жылғы желтоқсан айында өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің соңғы отырысынан бері екі ел диалог аясында өз шекараларының бір бөлігін делимитациялау мен демаркациялауды аяқтады.
Әзірбайжан Сыртқы істер министрі: “Жуырда күшіне енген тиісті шекаралық комиссиялардың бірлескен қызметі туралы ереже делимитациялаудың келесі кезеңдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, екіжақты келісім жобасының мәтінін әзірлеуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді”, — деді.
Еске сала кетейік, 4 желтоқсанда Парламент отырысында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзірбайжанмен келісімшарт мәтінінің 90 пайызы келісілгенін мәлімдеді.



















