Әзірбайжан Президенті Илһам Алиев Иран Президенті Масуд Пезешкианға хат жолдап, Әзірбайжанның D8 ұйымына кіруін қолдағаны үшін алғыс айтты.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Алиевтің алғыс хатында: “Мен Иран Ислам Республикасына және Сізге желтоқсанның 19 күні Мысыр астанасы Каирде өткен Дамушы сегіз ислам елі (D8) экономикалық ынтымақтастық ұйымының 11-ші саммитінде Әзірбайжан Республикасының осы ұйымның мүшесі болуын бірауыздан қолдағаныңыз үшін алғысымды білдіремін”, -деп жазылған.
Алиев отыз жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан D8 ұйымының алғаш рет кеңею туралы шешім қабылдағанына тоқталып: “Әзірбайжанға деген халықаралық сенімнің көрсеткіші болып табылатын бұл тарихи шешім біз үшін ерекше мақтаныш.
Әзірбайжанның кандидатурасын бірауыздан қолдау бұл ұйымға мүше әрбір елмен берік достық пен ынтымақтастық, бірлік пен тілектестік қарым-қатынасымыздың көрінісі болып табылады”, -деді.
Президент Әзірбайжан барлық ұйымға мүше елдермен бірге D8-ның іргелі қағидаттарын қорғау, ұйым аясындағы ынтымақтастықты тереңдету және ортақ мүдделерді ілгерілету, ислам ынтымақтастығын нығайту және оны бұдан да кең ауқымға айналдыру үшін бірлескен күш-жігерді жұмылдыруға үлес қосатынына сенім білдірді.
Әзірбайжан Президенті хатында: “Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз өзара құрмет пен тату көршілікке негізделген Әзірбайжан мен Иран арасындағы достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастарын халықтарымыз бен елдеріміздің мүдделері үшін одан әрі нығайту жолындағы бірлескен күш-жігерімізді жалғастыратынымызға сенім білдіремін. Сізге тағы да ризашылығымды білдіре отырып, зор денсаулық, бақыт, қызметте табыс, дос және бауырлас Иран халқына тұрақты амандық және өркендеу тілеймін”, — деп жазды.












