Албаниядағы наразылар АҚШ Президентінің күйеу баласы Кушнермен байланысты туристік люкс жобаға қарсы қатарынан 17-ші күн бойы наразылықтарын жалғастырып, ел астанасы Тиранада шеруге шықты.
Қолдарына баннерлер, плакаттар мен Албания туын ұстаған үлкен топ елдің Премьер-министр кеңсесіне қарай шерулерін жалғастырып, өткен күндердегідей оның отставкаға кетуін талап етті.
Наразылық қозғалысы үшінші аптаға енгенімен оның саябырсыған белгілері байқалмайды. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар өз талаптары орындалғанша наразылықтарын тоқтатпайтындарын мәлімдеді. Наразылар бұл жиындарды елдегі саяси және экономикалық жағдайға реакция деп сипаттап, азаматтық тұрақты іс-қимылдар арқылы үкіметке қысым көрсетуді жалғастыра беретіндіктерін айтуда.
Албания Премьер-министрі Эди Рама бұған дейін «Қоқиқаз төңкерісі» (Flamingo Revolution) деп аталып кеткен бұл шерулерді қатаң сынап, наразыларды «ақымақтар» деп атаған болатын. Ол сондай-ақ, үдеп бара жатқан қысымға қарамастан, бұл туристік жобаны қорғап, оны елінің әлемдік деңгейдегі маңызды туристік орынға айналу талпынысының бір бөлігі деп атады. Рама өзі билікте тұрғанда бұл инвестицияның тоқтамайтынын айтқан болатын.
Оның ұстанымы шерушілердің ашуын одан әрі арттырып, «Албания сатылмайды!» деген сөзді көше жиындарының басты ұранына айналдырды.
Олар осы ел үкіметінің өзінің онсыз да әлсіз экономикасын АҚШ-тағы билік шеңберіне жақын инвесторлармен байланыстыру арқылы қоғамдық мүдде мен қоршаған ортаны және азаматтардың құқықтарын аяққа таптап отыр деп айыптады.
Айта кетейік, даудың басы Джаред Кушнердің Affinity Partners инвестициялық қоры Албания үкіметімен бірлесіп, елдің ең көрікті әрі экологиялық қорғауға алынған аймақтарында құны 1,4 миллиардтан 4 миллиард долларға дейін жететін алып люкс-курорттар салу жобасын бастауынан шықты.
Кушнер бұрын әскери база болған, табиғаты тұмса Сазан аралы мен мыңдаған қызғылт қоқиқаз бен сирек кездесетін пеликандар мекендейтін, халықаралық маңызы бар қорғалатын сулы-батпақты аймақ Звернец түбегі мен Влёра жағалауына зәулім виллалар, яхта айлақтары, қонақүйлер мен мейрамханалар кешенін салуды жоспарлаған. Албания үкіметі жобаны қолдау үшін арнайы заңдарды өзгертіп, қорғалатын аймақтардың мәртебесін төмендеткен.
Жастар мен белсенділер күн сайын кешкі сағат 18:00-де астана Тиранадағы Скандербег алаңы мен премьер-министр Эди Раманың кеңсесінің алдына жиналып, үкіметтің отставкасын талап етуде. Халық билікті «шетелдік олигархтар мен миллиардерлерге елдің байлығын жең ұшынан жалғастырып сатып жатыр» деп айыптайды.
Курорттар салынатын аймақтағы ауыл тұрғындары да көтеріліске қосылды. Олар үкіметті «жерлерін заңсыз тартып алды» деп айыптап, құрылыс алаңдарының темір және тікенек сым қоршауларын жаппай қиратып, жұлып тастауда.
Джаред Кушнерге қарсы «Қоқиқаз революциясы» Албания халқының өз жерін, табиғатын және ұлттық намысын шетелдік алпауыт капиталдан қорғап қалу жолындағы азаматтық күресіне айналып отыр.
Осындай жағдайға байланысты Еуропа Одағы Албанияға ескерту жасады. Албания Еуропа Одағына мүшелікке өтуге үміткер ел болғандықтан Брюссель Тирана билігінен бұл экологиялық аймақты бұзбауды және ЕО-ның табиғатты қорғау стандарттарын сақтауды талап етті.
















