Алматы үш жылдан кейін ТМД-ның спорттық астанасы мәртебесін алады. Бұл туралы РФ спорт вице-министрі Алексей Морозов ТМД елдерінің Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша мәлімдеді.
Минскіде өткен ТМД елдерінің Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесінің отырысында ТМД елдері спорт әкімшіліктері мен ұйымның атқарушы органдары алдағы жоспарды талқылаған еді. Сондай-ақ 2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспарлар да пысықталды.
«Кеңес отырысында біз 2025 жылы Әзірбайжанның Гянджа қаласына, 2026 жылы Қазақстанның Алматы қаласына «ТМД-ның спорт астанасы» атағын беру туралы бірауыздан шешім қабылдадық»- деді Алексей Морозов.
Ресейлік шенеуніктің айтуынша, қалада әлемдік және континенттік деңгейдегі ірі спорт жарыстары бірнеше рет өткендіктен, таңдау Алматыға түскен.
Бұған дейін Минскіде өткен ТМД елдерінің Дене шынықтыру және және спорт кеңесінің кезекті отырысында Гюмри 2024 жылы ТМД елдерінің спорт астанасы мәртебесін алғандығы туралы хабарланған болатын.



















