Молдова билігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан (ТМД) шығу рәсімін ресми түрде бастады.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Молдова премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Михай Попшой жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында мәлімдеді.
Михай Попшой Молдова Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы мүшелігін қамтамасыз етіп келген үш келісімнің күшін жою үдерісін бастағанын айтты. Оның айтуынша, аталған келісімдер күшін жойған соң, ресми әрі құқықтық тұрғыда Молдова Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрамында болмайды.
Молдова премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі сөз болып отырған құжаттар “1993 жылғы 22 қаңтарда Минскіде қол қойылған ТМД Жарғысы”, “1991 жылғы 8 желтоқсандағы ТМД-ны құру туралы келісімі” және “Осы келісімге 1991 жылғы 22 желтоқсанда қабылданған қосымша” екенін айтты.
Попшойдың айтуы бойынша, денонсациялау үдерісі қазірдің өзінде жүріп жатыр, ал Парламент депутаттары тиісті құжаттарды жаңа Парламент сессиясының ең алғашқы кезеңінде қарайды.
Ол: “Бәлкім, ақпан айының ортасына дейін Үкімет деңгейіндегі рәсімдерді аяқтаймыз. Содан кейін шешім Парламентте қабылданады”, -деді.
Михай Попшой Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысты келісімдерден бас тартуды Молдованың еуропалық бағытын нығайтудың маңызды қадамы деп атады.
Сонымен қатар, Молдава Сыртқы істер министрі елінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында 283 келісімге қол қойғанын, олардың 71-і бұған дейін денонсацияланғанын, ал шамамен 60-ы қазір күшін жою үдерісінде екенін айтты. Попшой Кишинeв Еуропалық бағытқа қайшы келмейтін, экономикалық пайда әкелетін және азаматтары үшін практикалық маңызы бар келісімдерден бас тартуға ниетті емес екенін де атап айтты.



















