Саясаттанушы Бениамин Матевосян АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің тұрақты келісімге ұласпау себептері мен Вашингтон мен Тегеран арасындағы жаңа ауқымды шиеленістің туындау ықтималдығы туралы пікір білдірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Бениамин Матевосян Verelq ақпараттық-талдау орталығына берген сұхбатында айтты.
Сарапшының пікірінше, АҚШ-ның Иранға қарсы әрекеттерінің негізгі мақсаты — Қытайдың экономикалық өсімінің энергетикалық негізін әлсірету.
Тілші: АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді қалай бағалайсыз? Тараптар неге тұрақты келісімге келе алмай отыр?
Матевосян: Бұған дейін де АҚШ-ның Иранға қарсы әрекеттерінің негізгі нысанасы Қытай екенін бірнеше рет айтқан едім. Америка Құрама Штаттары үшін Қытайдың экономикалық өсімін қамтамасыз етіп отырған энергетикалық негізді әлсірету аса маңызды. Трамп әкімшілігінің алғашқы соққы бағыттарының бірі Венесуэла болғаны да кездейсоқ емес. Себебі Қытай бұл елге миллиардтаған доллар инвестиция құйып, мұнайын орасан зор көлемде сатып алып келген еді.
Иранға қатысты логика да осыған ұқсас. Вашингтонның мақсаты — Бейжің мен Тегеран арасындағы тығыз экономикалық ынтымақтастықтың жолын кесіп, оны тоқтату.
Егер Таяу Шығыста Тегеранның қатысуымен жаһандық ауқымдағы соғыс тұтанса, бұл өңірдің мұнайын ең көп тұтынушылардың бірі болып табылатын Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігіне ауыр соққы болып, АҚШ-ның алдына қойған стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуіне жол ашады.
Бұл АҚШ-ның Иранмен шынайы бейбітшілік орнатуды мақсат етпейтінін, керісінше, Ираннан барынша тұрақсыздық пен хаос тудыруды көздейтінін білдіреді. Бұл жағдай тек Тегеран мен Бейжің арасындағы байланысты бұзумен шектелмей, Таяу Шығыстағы ауқымды жаһандық соғыстың басталуына түрткі болуы мүмкін.
Тілші: Жаңа шиеленістің туындау ықтималдығы қаншалықты жоғары?
Матевосян: Тараптардың ұстанымдары бір-біріне мүлдем қарама-қайшы. Бұған қоса, АҚШ пен Израильдің Иран аумағына жасаған соққылары Ислам Республикасы басшылығының біраз бөлігінің қаза табуына әкеліп, билікке радикалды бағытты ұстанатын күштердің келуіне түрткі болды.
Осының барлығы әскери қимылдардың кез келген сәтте қайта басталуы мүмкін екенін аңғартады. Оның үстіне, Ормұз бұғазы АҚШ үшін аса маңызды стратегиялық нысан күйінде қалып отыр және Вашингтон бұл теңіз жолына толық бақылау орнатуды көздейді.
Сонымен қатар, Баб әл-Мандеб бұғазын бақылауға алу да АҚШ-ның басты мақсаттарының бірі болып табылады. Бұл бұғаз да жаңа шиеленіс ошағына айналуы ықтимал.



















