Армения мен Иран көлік, энергетика және шекаралық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға келісті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Арменияның Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрі Давид Худатян Тегеранға жасаған жұмыс сапары барысында Иранның Энергетика министрі Аббас Әли Абадимен және осы елдің Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садеқпен келіссөздер жүргізді.
Кездесулердің басты тақырыптары трансшекаралық инфрақұрылымды дамыту, энергетикалық ынтымақтастықты нығайту және көршілес екі мемлекет арасындағы көлік қатынасын кеңейту болды.
Тараптар қуаты 400 кВ болатын үшінші жоғары кернеулі электр беру желісінің құрылысын аяқтау, Аракс шекаралық өзені арқылы екінші автомобиль көпірін салу, сондай-ақ Арменияның оңтүстігін Иран шекарасымен байланыстыратын Каджаран – Агарак автожолын жаңғырту сияқты бірқатар ірі жобаның практикалық жүзеге асырылу тетіктерін талқылады.
Сондай-ақ транзиттік жүк тасымалының көлемін арттыру және тікелей әуе қатынасын дамыту мәселелеріне де баса назар аударылды.
Энергетика саласында министрлер электр беру желісінің құрылыс барысын қарастырып, қолданыстағы газға айырбас ретінде электр энергиясы тетігінің тиімділігін арттыру мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар дәстүрлі ынтымақтастық бағыттарын толықтырып, екі елдің энергетикалық жүйелерінің тұрақтылығын күшейте алатын жаңартылатын энергетика саласындағы әріптестікті кеңейту мәселесі сөз болды.
Ереван үшін Каджаран – Агарак автожолы мен жаңа шекаралық инфрақұрылым нысандарының құрылысын жеделдету «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің Армения аумағындағы бөлігін жаңғыртумен тікелей байланысты.
Бұл жобалардың жүзеге асырылуы жүктерді Иран порттарына тасымалдауды жеңілдетіп, болашақта армян кәсіпкерлерінің Үндістан, Парсы шығанағы елдері және Оңтүстік Азияның басқа да мемлекеттерінің нарықтарына шығу мүмкіндігін кеңейтеді.
Ал Иран Армения бағытын Кавказға, одан әрі Еуразия нарықтарына шығатын қосымша құрлықтық дәліз ретінде дамытуға мүдделі.
Жолдарды, көпірлерді және энергетикалық желілерді дамыту Тегеранға өңірлік көлік-коммуникациялық бағыттарды әртараптандыруға мүмкіндік береді. Ал Армения үшін бұл көлік оқшаулануын азайтып, транзиттен түсетін кірісті арттыруға және елдің оңтүстік шекарасындағы экономикалық әлеуетін нығайтуға жол ашады.


















