Қазақстан логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында Иранның Шаһид Раджаи портында терминал салады.
Еуразия Тудейдің ҚР Иран Ислам Республикасының Елшілігі келтірген мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кеше, 28 маусым күні Иран Ислам Республикасының Бендер-Аббас қаласындағы ең ірі Шаһид Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу үшін жер учаскесін беру туралы BOT-келісіміне салтанатты түрде қол қойылды.
Иранның Порттар және теңіз қатынасы ұйымында өткен бұл шараға Қазақстан тарапынан «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ жанындағы QazExportPromotion корпоративтік қорының бас директоры Аман Малғаждаров, Иран тарапынан Һормозган провинциясының Порттар және теңіз қатынасы ұйымының басшысы әрі Шаһид Раджаи порты арнайы экономикалық аймағының жетекшісі Хоссейн Аббас Нежад қол қойды.
Екі елдің дипломаттары, министрлік өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысқан бұл маңызды келісім 27 жыл мерзімге жасалып отыр. Соның ішінде алғашқы екі жыл ішінде терминал құрылысы толық аяқталып, кейінгі 25 жыл бойы нысан тікелей пайдалануға беріледі. Терминалды коммерциялық мақсатта іске қосу жобаның үшінші жылына жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру Қазақстан мен Иран арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі болып табылады.
Өйткені, Иранның ең ірі теңіз портында қазақстандық терминалдың бой көтеруі «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің транзиттік қуатын нығайтып, логистикалық бағыттардың тұрақтылығын арттырады.
Сонымен қатар бұл инфрақұрылым отандық өнімдердің Парсы шығанағы елдеріне, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияға, сондай-ақ, Шығыс Африка нарықтарына төте әрі тиімді шығуына жол ашып, елдің экспорттық мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.
Рәсім барысында Қазақстанның Ирандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаев бұл жоба мемлекет басшысының Еуразиядағы жетекші логистикалық хабтардың бірі ретінде Қазақстанның ұстанымын нығайтуға бағытталған саясатының нақты көрінісі екенін, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынасқа елеулі үлес қосатынын атап айтты. Иранның Порттар және теңіз қатынасы ұйымының басшысы Мохаммад Шакибинсаб қазақстандық тарапты құттықтап, бұл стратегиялық қадамның екі мемлекет үшін де маңызы жоғары екенін және өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.



















