Сергей Лавров Қазақстанды Ресей Федерациясының сенімді көршісі және одақтасы деп атады.
Еуразия Тудейдің ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл туралы Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесуде мәлімдеді.
Алматы қаласына ресми сапармен келген Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Мұрат Нұртілеумен кездесті.
Келіссөздер барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы, саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Кездесуде сонымен қатар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесіне айрықша назар аударылып, екіжақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты жан-жақты дамыту сөз болды.
Мұрат Нұртілеу кездесуде: “Саяси диалогтың жоғары серпінін сақтау және қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті іске асыру — Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимылдың басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшыларының қойған міндеттері негізінде біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз”, – деді.
Сергей Лавров: “Қазақстан – сенімді одақтасымыз және көршіміз. Мемлекет басшылары айқындаған бағытты негізге ала отырып, біз әрдайым екіжақты және халықаралық алаңдарда бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз”, – деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Сергей Лавров Алматыда өтетін ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы мен Ресей мен Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының кездесуіне қатысады.



















