Ресейдің Қазан қаласы мен Иранның тарихи Исфаһан қаласы арасында бауырластық орнату туралы келісімге қол қойылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, құжатқа Исфаһан қаласының әкімі Әли Қасемзаде мен Қазан қаласының мэрі Ильсур Метшин “Чеһелсутун” мұражай-сарайында қол қойды.
Исфаһан мен Қазан қалалары арасында бауырластық орнату жөніндегі келісімге қол қою рәсіміне Ресейдің Исфаһан қаласындағы Бас консулы Андрей Жильцов, Исфаһан қаласындағы Ислам кеңесінің төрағасы Мохаммад Нурсалеһи және қаланың басқа да белсенді тұлғалары қатысты.
Тараптар әртүрлі саладағы ынтымақтастықты дамытуға, өзара экономикалық, өндірістік және сауда әлеуетімен танысып, қала құрылысы, экология және абаттандыру мәселелері бойынша озық тәжірибелермен алмасуға келісті.
Сонымен қатар, тараптар мәдениет апталығын, өнер көрмелерін және Қазан мен Исфаһан қалаларында тұратын халықтардың тарихымен, мәдениетімен және әдет-ғұрыптарымен танысуға бағытталған басқа да шараларды өткізуді жоспарлап отыр.
Келісімде ынтымақтастықтың осы бағыттарының барлығы екі қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін маңызды екендігі айтылған.



















