Алматы қаласының тұрғындары 2024 жылғы 23 қаңтар күні түнгі сағат 00:09-да қатты жер сілкінісін сезді.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының хабарлауы бойынша Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр аймағында магнитудасы 7 балл болған жер сілкінісі Қазақстан мен Қырғызстан шекарасына жақын жерде де қатты дүмпу туғызды.
Алматыда жер сілкінісінің күші бес баллға жетті.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, 65 шақырым тереңдікте орналасты.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматы қаласының тұрғындары сезген табиғаттың тосын мінезінің біздің елде болмағанын, эпицентрден жеткен жаңғырығы екенін айтып: «Біз тұрғындарды жақын арада күшті жойқын жер сілкінісі күтілмейтініне сендіргіміз келеді. Сейсмикалық оқиға Қытай Республикасының аумағында және Қырғызстан шекарасында болды. Бұл жерде біз сезген жер асты дүмпулері – соның жаңғырығы», — деді.
Дегенмен көпқабатты үйлерде зілзаланың күші айтарлықтай сезілді. Үйдегі аспалы шамдар мен мебельдер қозғалып, адамдар үрейге бой алдырып, киініп үлгерместен, қыстың аязында сыртқа жүгірді.
Көшелерде кептеліс қалыптасып, жанар-жағар май стансаларында ұзын-сонар кезек пайда болды. Такси бағасы шарықтап кетті. Қала тұрғындары дүрбелеңге бой алдырды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауы бойынша зардап шеккендер мен қираған жылжымайтын мүлік туралы ақпарат түскен жоқ. Дегенмен жергілікті бейресми мәліметтерге сәйкес, зілзала кезінде төменгі қабаттардан секіріп кеткен бірнеше адам жарақат алған.
Қалай болғанда да, Алматы — зілзала қатері жоққа шығарылмайтын қала.



















