Кеше, 22 қарашада Алматыда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ұлы Жібек Жолымен-2023» ХI Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі басталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауы бойынша іс-шараға Қазақстанның, Ресейдің, Қырғызстанның, Өзбекстанның және Әзірбайжанның жетекші баспалары, полиграфиялық кәсіпорындары мен кітапханалары, сондай-ақ Алматыдағы Түркия, Қытай, Иран елдерінің өкілдері және ҚР Мәдениет министрлігінің Баспа-полиграфия департаменті қатысты.
ХІ халықаралық кітап және полиграфиялық көрме аясында белгілі қаламгерлермен және жас авторлармен кездесулер өткізіліп, жаңа туындылар ұсынылмақ.
Ертең, 24 қарашада 2021-2023 жылдары жарық көрген кітаптар арасындағы байқаудың қорытындысы шығарылады. Жеңімпаздар жеті номинация бойынша анықталады: «Жыл кітабы», «Үздік көркем әдебиет. Проза», «Үздік көркем басылым. Поэзия» «Үздік танымдық басылым», «Балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік көркем-танымдық кітап», «Ел туралы үздік фотоальбом: тарихы, мәдениеті, географиясы, т.б.» және «Үздік аударма басылым».
Көрме Қазақстанда заманауи кітаптардың кең таралуына ықпал ету, отандық кітап индустриясы мен кітап нарығындағы отандық тауар өндірушілердің позицияларын нығайту, сондай-ақ полиграфия, кітап шығару және кітап өндірісіне жаңа технологияларды енгізу мақсатында өткізіліп отыр.


















