Алжир билігі Біріккен Араб Әмірліктерімен дипломатиялық қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Алжирдің APS ақпарат агенттігі осы елдің Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
Министрлік бұл шешім екі ел арасындағы байланысты сақтап қалудың басқа жолы қалмағандықтан қабылданғанын мәлімдеді.
Соңғы жылдары Алжир мен БАӘ арасындағы байланыстарда едәуір шиеленіс байқалды. Алжир билігі Абу-Дабиді елдің ішкі істеріне, соның ішінде сайлау үдерісіне араласты деп бірнеше рет айыптады.
Екі ел бірқатар аймақтық қақтығыстарға қатысты қарама-қарсы ұстаным ұстанды. Бұған қоса, БАӘ Алжирмен аумақтық дауда Марокко мемлекетін ашық қолдайды.
Екі ел арасындағы жағдай 2026 жылы ушығып, қаңтар айында Алжирдің БАӘ-мен дипломатиялық байланысты толық үзуі мүмкін екендігі туралы ақпарат тарады. Алжир билігі БАӘ-нен елдегі тұрақсыздықты күшейтуге бағытталған әрекеттер жасады деп күдіктенді.
Алжир билігі ақпан айында екі ел арасындағы 2013 жылдан бері әуе қатынасын реттеп келген ресми келісімді жою туралы шешім қабылдады.
Екі ел арасындағы жағдай наурыз айында тағы да ушығып, БАӘ билігі Парсы шығанағы елдерінен шетел азаматтарын эвакуациялау үшін ұйымдастырылған рейске Алжир азаматтарының отыруына рұқсат бермеді. Бұл оқиғаны Алжир Ұлттық халық жиналысы Сыртқы істер комитетінің бұрынғы баяндамашысы Хишам Бенхаддад қатаң сынға алып, оның халықаралық құқық нормаларына және консулдық ынтымақтастық қағидаттарына қайшы екенін мәлімдеді.
Осылайша, Алжир мен БАӘ арасындағы бірнеше жылға созылған дипломатиялық шиеленіс екі елдің ресми қатынастарын толық тоқтатуына әкеп соқты.



















