Америка Құрама Штаттары жақын арада галлоны 4–5 доллар тұратын отынды сағынатын болады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мохаммад Бақер Қалибаф америкалықтарды қазіргі бензин бағасына қуануға шақырып, жақын арада галлоны 4–5 доллар тұратын отынды сағынатындарын мәлімдеді.
Қалибафтың бұл мәлімдемесі Америка Құрама Штаттарының Иран порттарына теңіз блокадасын енгізу туралы шешіміне жауап ретінде жасалды.
Президент Дональд Трамп жексенбі күні АҚШ әскери-теңіз күштеріне мұнай мен газ тасымалындағы маңызды әлемдік бағыт болып табылатын Ормұз бұғазын жабуды тапсырған.
Трамп блокада туралы шешімді Исламабадтағы жоғары деңгейдегі бейбіт келіссөздердің сәтсіз аяқталуынан кейін жариялады.
Блокада Парсы және Оман шығанағындағы Иран порттарына кіретін немесе одан шығатын барлық елдердің кемелеріне қолданылады.
Сонымен қатар, Дональд Трамп халықаралық суларда Иранға транзиттік баж салығын төлейтін кез келген кемені ұстауға және тоқтатуға бұйрық берді.
Америкалық автомобиль қауымдастығының мәліметінше, АҚШ-да қарапайым бензиннің орташа бағасы қазіргі уақытта галлонына 4,125 долларды құрайды.
Бұл көрсеткіш соғысқа дейінгі 2,98 доллармен салыстырғанда 40 пайыздан астамға өскен. Сарапшылардың айтуынша, егер блокада жаһандық энергетикалық нарықтардың жұмысына кедергі келтірсе, баға одан әрі өсуі мүмкін.
Тегеран 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттерінен бері Ормұз бұғазы арқылы кемелердің өтуін шектеп келеді.
Өткен аптада Ислам революциясы Сақшылары корпусының Әскери-теңіз күштері бұғаздың ешқашан АҚШ пен Израиль үшін бұрынғыдай болмайтынын мәлімдеді.
Иран Қытай сияқты бейтарап елдерге тиесілі кемелердің өтуіне рұқсат беріп, басқыншы елдермен және олардың одақтастарымен байланысты кемелерге тыйым салды.












