Венесуэла аттандырған мұнай танкері АҚШ жағалау гвардиясының бұйрықтарына мән берместен, Атлант мұхитын бетке алып, жүзді.
New York Times газетіндегі материалда АҚШ-ның жағалау күзеті Bella 1 деген мұнай танкерін тәркілеуге әрекет жасағанымен, сәтсіздікке ұшырағаны жазылған. Осы газет сонымен қатар аталған мұнай танкері Иран мұнайын тиегені үшін былтырдан бері санкцияға ұшыраған деген уәж келтірді.
Газеттің жазуы бойынша Венесуэлаға шикі мұнай тиеу үшін жүзіп бара жатқан мұнай танкері бос болған.
Американың жағалау күзеті сенбі күні түнде оған жақындағанда, кеме олардың бұйрықтарын тыңдамай, солтүстік-шығыс бағытта жүзіп, Атлант мұхитына енген.
Американың жауапты тұлғалары мұның алдында күмән тудырған даулы уәждерінде мұнай танкерінің жалауы болмағандықтан халықаралық заң бойынша ешбір елге тиесілі саналмайды деген болатын.
New York Times газеті сілтеме жасаған дереккөзінің мәліметіне сәйкес, мұнай танкері Венесуэла суына әлі кірмегендіктен осы ел теңіз күштерінің эскортына алынбаған.
Газеттің жазуы бойынша Bella 1 кемесі жексенбі күні кешке дейін айналасындағы кемелерге 75-тен астам апат дабылын жіберген.
Кемені қудалау үшін АҚШ-ның қандай басқа әрекет жасайтын әлі белгісіз. Бұл соңғы аптадағы екі операцияның бірі ғана.
Американың жағалау күзеті сенбі күні Венесуэла мұнайын қытайлық бір бизнесменнің мәмілесі бойынша тиеген Centuries кемесін де тоқтатып, тексерген. Бұл кеме Панаманың туымен жұмыс істеген. Алайда оны тәркілейтін ордер болмаған.












