Америкадағы 120 Иран азаматы отанына оралады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің Парламенттік Бас директоры Хосейн Нушабади Tasnim агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Нушабади ирандық 120 иммигранттың Америка Құрама Штаттарынан Иранға қайтып келе жатқанын мәлімдеп: «Отанға қайтып келе жатқан азаматтарымызға тиісті консулдық қызмет көрсетеміз», — деді.
Хосейн Нушабади ирандық иммигранттардың Америкадан шығарылуы туралы сұраққа: «Бірнеше айдан бері ирандық және басқа да елдердің иммигранттарын Америкадан шығару тақырыбы көтеріліп келеді. Американың Көші-қон басқармасы Америкада тұрып жатқан, көбісі заңсыз енген шамамен 400 ирандық иммигрантты Американың иммигранттарды жақтырмайтын үкіметінің қатынасына байланысты депортациялауды мақсат етуде.
Бірінші қадамда Америкаға заңсыз енген, көбісі Мексика арқылы кірген 120 ирандық иммигрантты шығаруға шешім қабылдады. Статистика бойынша аталған 120 ирандық алдағы бір екі-күні елге оралады», -деді.
Ол сонымен қатар Иранның Америка Құрама Штаттарына кез келген себеппен көшіп барған, қазір елге қайтып келе жатқан азаматтарын отаны қабылдайтынын, оларға тиісті консулдық қызмет көрсетілетінін айтып: «Өйткені, бұл адамдар ирандықтар, екіншіден, олар Ираннан заңды түрде кетті. Олардың Америка Құрама Штаттарына қалай кіргені басқа мәселе, бірақ олар Ираннан заңды түрде шықты. Олардың өз отанына оралуына ешқандай кедергі жоқ. Иран өз азаматтарын қолдайды», — деді.












