2026 жылғы әлем чемпионаты қожайындарының бірі саналатын АҚШ үкіметі Иран құрамасына қатысты айқын саясиланған ұстаным танытып отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран ұлттық құрамасының бас бапкері Амир Ғаленойи баспасөз мәслихатында мәлімдеп, америкалықтардың бұл әрекетін қатаң айыптады.
Иран ұлттық құрамасы бас бапкерінің айтуы бойынша, АҚШ футбол мен саясатты араластырып отыр. Ол: «Футбол саясаттан тыс болып, адамдардың басын біріктіруі тиіс. Футболдан әлем чемпионатын өткізуші Америка Құрама Штаттары бізге өте әділетсіз қарайды. ФИФА америкалықтардың бұл әрекетіне байсалды назар аударуға міндетті», — деді.
Мұндай мәлімдемеге АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігінің шешімі себеп болды. Атап айтқанда, ведомство Иран құрамасына Сиэтлге келуге матчтың басталуына небәрі екі күн қалғанда ғана рұқсат берген. Сонымен қатар, командаға ойын аяқталған бойда, яғни дәл сол күні ел аумағынан шығып кету талабы қойылған. G тобындағы үш матчты да тең аяқтап, 3 ұпай жинаған Иран құрамасы үшінші орында тұр. Жарыс ережесіне сай, келесі кезеңге үшінші орын иегерлерінің ішінен ең үздік 8 команда өтеді. Қазір бұл тізімде 6-шы тұрған Иранның плей-оффқа шығу-шықпауы енді өзге топтардағы жағдайға байланысты болмақ. Иран плей-оффқа шыққан күннің өзінде де, келесі кезеңде өз тобынан мерзімінен бұрын шыққан АҚШ құрамасымен кездеспейді.
Айта кетейік, тарихта тұңғыш рет әлем чемпионатына 48 құрама қатысуда. АҚШ, Канада және Мексика алаңдарында өтіп жатқан турнир 19 шілдеде аяқталады. Иран құрамасы Мексикадағы Тихуана қаласында орналасқан. Олар АҚШ-тағы матчтарға қатысу үшін шектеулі тәртіппен қатынап жүр.












