Америка Құрама Штаттары мен Иран өкілдері арасындағы келіссөз Пәкістан астанасы Исламабадта жұма күні тікелей форматта өтеді деп күтілуде.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп Пәкістан Премьер-министрі Шаһбаз Шарифпен және фельдмаршал Асим Мунирмен сөйлескеннен кейін олардың Иранға қарсы жойқын күш қолдануды шегере тұру туралы өтінішін қабыл алып, Иранды бомбалау мен шабуылдауды екі аптаға тоқтатуға келіскенін мәлімдеді.
Трамптың айтуы бойынша, басты шарттардың бірі — Иранның Ормұз бұғазын толық, дереу және қауіпсіз түрде ашуға дайын болуы.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, Қытай тарапы Иранды уақытша бітімге келуге көндіру үшін Тегеранмен тікелей байланысқа шыққан.
Америка Құрама Штаттары Ираннан 10 тармақтан тұратын ұсыныс алған. Трамп екі апта ішінде Иранмен толық келісімге келетініне сенімді.
CNN мәліметінше, Израиль Америка Құрама Штаттарының екі аптаға атысты тоқтату туралы шешіміне қосылған. Америка Құрама Штаттары бұл бітімді Израильмен келісе отырып жасап, алдағы келіссөздерде ядролық мәселелер бойынша екі елдің ортақ мүдделерін толық ескеруге сенімді.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи бітім жасалғаннан кейін екі апта ішінде бұғаз арқылы өту еркін болатынын айтты.
Пәкістан Премьер-министрі Шаһбаз Шариф атысты тоқтату режимі дереу күшіне енетінін мәлімдеді.
Келіссөздердің алғашқы кезеңі 10 сәуір күні Исламабадта өтеді. Америка Құрама Штаттары тарапынан келіссөздерге вице-президент Джей Ди Вэнс, президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысады деп күтілуде.
Иран Дональд Трамптың Пәкістан бастамасын қабылдауын оның біртіндеп шегінуі деп бағалады.












