АҚШ Сенаты Иранға қарсы әскери қимылдарды тоқтатуды көздейтін қарар қабылдады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл құжатты 50 сенатор қолдап дауыс берсе, 48 сенатор қарсы шықты. Дауыс беру нәтижесі 28 ақпаннан бергі Иранмен қақтығысқа республикашылдардың арасында да алаңдаушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.
Қарар мәтініне сәйкес, АҚШ Президенті Дональд Трамп Америка қарулы күштерін Иран Ислам Республикасына қарсы әскери іс-қимылдардан шығаруы тиіс. Алайда бұл құжат тек ұсынымдық сипатқа ие.
Дональд Трамп оған вето қоя алмағанымен, қарардың міндетті заңдық күші жоқ. АҚШ Конституциясы бойынша соғыс жариялау құқығы президентке емес, тек Конгреске тиесілі. Алайда соңғы жылдары президенттер Конгресс берген әскери рұқсаттарды өз пайдасына кеңінен түсіндіріп, іс жүзінде жаңа әскери операцияларды дербес бастауды әдетке айналдырды.
Айта кетейік, 21 маусым, жексенбі күні АҚШ пен Иран арасында Доха мен Исламабадтың делдалдығымен Швейцарияның Бюргеншток қаласында меморандумды іске асыру мәселесіне арналған келіссөз өтті.
Пәкістан мен Қатар келіссөздің алғашқы кезеңі аяқталғаннан кейін жариялаған бірлескен мәлімдемеде Иран мен АҚШ өкілдерінің кездесуі оң әрі сындарлы жағдайда өткенін айтты.
Кеше, 23 маусым күні Дональд Трамп та диалогтың сәтті өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ядролық бақылау, санкциялар және Ормұз бұғазындағы кеме қатынасы мәселелері бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілген.
АҚШ Президенті Иранның ядролық нысандарына халықаралық инспекцияларды жіберуге келісім беруін басты нәтиже деп атап, дәл осы шарт келіссөздер үдерісін одан әрі жалғастыруға жол ашқанын мәлімдеді.

















