АҚШ президенті Дональд Трамптың Еуропалық Одақтан келетін автокөліктерге кедендік баж салығын арттыру туралы шешімі бүкіл Еуропаға жасалған соққы саналады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Германия канцлері Фридрих Мерц ARD телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Фридрих Мерцтің айтуы бойынша, Дональд Трамптың мұндай шұғыл қадамға баруына Еуропалық Одақтың созбалаңға салынған іс-әрекеттері себеп болған. Атап айтқанда, 2025 жылдың тамызында мақұлданған сауда келісімі әлі күнге дейін толық аяқталмаған.
Еуропарламентте бұл құжатқа қатысты әлі де қарсы пікірлер мен келіспеушілік бар.
Еуропалық тараптың үнемі жаңа талап қоюы АҚШ әкімшілігінің наразылығын тудырып отыр.
Германия канцлері Еуропаны барынша жедел қимылдауға шақырып: «Америкалықтар барлық құжатты дайындап қойды, ал еуропалықтар әлі дайын емес. Біз тығырықтан шығу үшін мүмкіндігінше тезірек ортақ мәмілеге келуіміз керек»,- деді.
Айта кетсек, Дональд Трамп 1 мамыр күні осы аптадан бастап АҚШ-қа импортталатын жеңіл және жүк автомобильдеріне салынатын баж салығын 25 пайызға дейін көтеретінін жариялады. Бұл шешім Еуропаның автоөндіріс саласына едәуір экономикалық зиян келтіруі мүмкін.



















