Араб елдері Трамптың Газаға қатысты жоспарына қарсы тұру үшін 27 ақпанда Каирде шұғыл саммит өткізеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Араб елдерінің дипломатиялық дереккөздері “Әл-Араби әл-Джадид” газетіне ағымдағы жылдың 27 ақпанында Каирде өтетін шұғыл саммитте Араб елдері басшыларының бас қосатынын хабарлады.
Саммитте АҚШ Президенті Дональд Трамптың Газа секторының тұрғындарын қоныстандыру және эвакуациялау жөніндегі ұсынысына қарсы шаралар талқыланады.
Араб елдерінің дипломатиялық дереккөздерінің мәліметінше, алдағы кездесуде Газа секторының гуманитарлық жағдайы мен даму перспективаларын талдауға, сондай-ақ Палестина мәселесіне қатысты басқа да оқиғаларды қарастыруға назар аударылады.
Айта кетейік, АҚШ Президенті Дональд Трамп Газа секторының тағдырына қатысты жаңа мәлімдеме жасап, палестиналықтарды Газадан көшіруді мақсат ететінін мәлімдеді.
Трамп Иордания, Мысыр және басқа да араб елдерін Газа тұрғындарын қабылдауға үндеп, палестиналықтардың сектордан кетуден басқа амалы жоқ екенін айтты. Трамптың айтуынша, қоныс аудару уақытша немесе ұзақ мерзімді болуы мүмкін.




















