Иран СІМ басшысы Сейед Аббас Арақчи Еуропаның үш елінің Сыртқы істер министрлері және ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілімен телефон арқылы сұхбаттасты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, тараптар сионистік режимнің Иранға қарсы басқыншылық әрекеттеріне қатысты оқиғаларды талқылады.
Иран Сыртқы істер министрі келіссөздер барысында Израильдің ашық басқыншылығына, соның ішінде азаматтық мақсатта қолданылатын ядролық нысандарға, экономикалық инфрақұрылымға, әскери базалар мен тұрғын аудандарға жасаған шабуылдарына баса назар аударды.
Арақчи БҰҰ мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің барлық мүшесінің бұл басқыншылыққа қарсы шығып, Израильдің қылмыстық әрекеттерін тоқтатуы қажеттігін баса айтты.
Иран СІМ басшысы Еуропа елдерін шындықты мойындап, сионистік режимнің әрекетін айыптауға шақырды.
Ол: “Иран қолжетімді барлық құралды пайдалана отырып, басқыншылыққа қарсы заңды қорғануын жалғастырып, қақтығыстың ықтимал өршуіне сионистік режим мен оның жақтастарын кінәлайды.
Израиль АҚШ-тың қолдауы және көмегімен Иран халқына қарсы соғыс бастады. Сондықтан Иран Американы қазіргі жағдайға жауапты және қылмыскердің сыбайласы деп санайды”, -деді.
Еуропаның үш елінің СІМ басшылары мен ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі қазіргі жағдайға өкініш білдіріп, Израиль шабуылдарынан қаза тапқандарға байланысты көңіл айтты.
Олар шиеленісті азайту үшін дипломатияның маңыздылығын баса айтып, бұл үдерісті жеңілдетуге дайын екендіктерін мәлімдеді
















