Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Катармен түсінбеушілік шешіліп, осы елдің жоғары лауазымды тұлғаларымен өткен келіссөздерді өте жемісті деп сипаттады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи Доханың “Әш-Шарқ” басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.
Арақчи сұхбатында: “Бақытымызға орай, екі ел арасында ешқандай келіспеушілік жоқ. Екі ел арасында туындаған түсінбеушілік осы сапардың арқасында толығымен жойылды”, — деді.
Аббас Арақчи жексенбі күні жарияланған сұхбатында Катар әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Танимен кездесуінің нәтижелерін жоғары бағалап: “Мен бұл кездесуде Иран Президентінің ауызша жолдауын Катар Әмірлігіне жеткіздім. Кездесу өте маңызды әрі тиімді болды”,- деді.
Арақчи сұхбат барысында Иран мен Катар арасындағы екіжақты қарым-қатынас, Америка Құрама Штаттарының Иранның ядролық нысандарына жасаған шабуылынан кейін Тегеранның Катардағы әл-Удейд базасына жүзеге асырған шабуылынан туындаған түсінбеушілік туралы пікір алмасқанын айтты.
Арақчи Катар әмірі — Премьер-министрі — Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бин Абдулрахман Әл Танимен өткен келіссөздердің өте жемісті, байыпты әрі пайдалы болғанын қуаттап: “Кездесуде екіжақты қарым-қатынас және соған қатысты соңғы оқиғалар мен көптеген мәселе талқыланды. Бақытымызға орай, екі ел арасында ешқандай келіспеушілік жоқ. Туындаған түсінбеушілік осы сапарда толығымен шешілді.
Сондай-ақ, біз аймақта тұрақтылыққа қол жеткізудің шешімдерін, әсіресе сионистік режимнің үстемдігі мен аймақтағы елдерге басқыншылығына қарсы тұруда қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін аймақ елдері арасында диалогты қайта бастау жөнінде пікір алмастық. Бұл келіссөзде Иранның ядролық бағдарламасы да жан-жақты талқыланып, Катар әміріне осы мәселеге қатысты соңғы оқиғаларды түсіндірдім”, — деді.
















