Ашхабад қаласында желтоқсанның 16 күні ауыл шаруашылығы саласы мен азық-түлік қауіпсіздігіне арналған Iran Agrofood атты 16-шы мамандандырылған көрмесі өз жұмысын бастады.
Еуразия Тудейдің Bigasia.ru сайтындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша, 18 желтоқсанға дейін жалғасатын іс-шараға ауыл шаруашылығы және азық-түлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі әртүрлі елдер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды.
Түркіменстанның Сауда-өнеркәсіп палатасында өтіп жатқан көрменің ресми ашылу салтанатында осы елдің Президенті Сердар Бердімұхамедовтың құттықтау хаты оқылды.
Президент Бердімұхамедов құттықтау хатында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударып, Түркіменстан мен Иран арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы көрменің маңыздылығын қуаттады.
Көрмеге Иран Ислам Республикасының Энергетика министрі Аббас Али Абади қатысты. Министр шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, көрменің агрономия, агротехнология және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы инновациялық шешімдер мен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналатынын баса айтты.
Көрмеде агроөнеркәсіп кешеніндегі соңғы жетістіктер, соның ішінде егін шаруашылығының озық технологиялары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және сақтау әдістері ұсынылды.



















