Астана қаласында «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирі өтіп жатыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше, 29 шілде күні ресми ашылу салтанаты өтті. Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне бірнеше елдің президенттері арнайы келді.
Қазақстан астанасында өтіп жатқан додаға 50-ден астам елден келген 800-ден астам спортшы қатысуда. Турнир бағдарламасына фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-шутер, фиджитал-жауынгерлік спорт түрлері, фиджитал-би, мобильді және компьютерлік MOBA, сондай-ақ «Battle Royale» спорт түрлері енгізілген.
Компьютерлік MOBA бағыты бойынша жарыстарда Dota 2 ойыны қолданылады. Бұл Қазақстанға танымал киберспорт командаларының келуіне ықпал етіп, шараның халықаралық мәртебесін арттырды. Турнирдің жалпы жүлде қоры шамамен 4,75 миллион долларды құрайды.
Фиджитал форматында нәтиже тек ойыншының компьютер немесе ойын консоліндегі шеберлігімен ғана анықталмайды.
Бұл форматта командалардың өзара сайысы ерекше кезеңдерден тұрады, яғни қатысушылар бірқатар спорт түрлерінде алдымен спорттың цифрлық нұсқасы бойынша бақ сынасса, кейін шеберліктерін нақты алаңда жалғастырып, физикалық қабілеттерін де көрсетеді.
Қорытынды нәтиже екі кезеңнің көрсеткіштері арқылы есептеледі. Сондықтан қатысушылардан тактикалық ойлау, жылдам реакция, физикалық төзімділік және әртүрлі форматтар арасында тез бейімделу қабілеті талап етіледі.
Жарыстар Қазақстан астанасындағы ірі спорт нысандарында өтуде. Жекелеген турнирлер Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және цифрлық әрі классикалық спорт түрлерінің талаптарына сай қайта жабдықталған басқа да қалалық ареналарда ұйымдастырылған.
Турнир киберспортты дамытуға, спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға, туристер тартуға және спорт, ақпараттық технологиялар мен шоу-бизнес тоғысындағы жаңа индустрияның қалыптасуына ықпал етуі тиіс. Ұйымдастырушылар бұл шара жастардың белсенді өмір салтына және заманауи цифрлық мамандықтарға қызығушылығын арттырады деп күтеді.
«Болашақ ойындары» биыл Астана қаласында үшінші рет өтіп отыр. Алғашқы турнир 2024 жылы Қазан қаласында, екіншісі 2025 жылы Абу-Дабиде өткен болатын.
Жарыстар 9 тамызға дейін жалғасады.



















