Қатардың сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын танкері Иранның рұқсатымен Ормұз бұғазынан қауіпсіз өтті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ислам революциясы Сақшылар корпусы соңғы үш аптада алғаш рет Иранның рұқсатымен Қатардың «QatarEnergy» компаниясының бақылауындағы сұйытылған табиғи газды тасымалдайтын мұнай танкері Ормұз бұғазы арқылы өткенін мәлім етті.
Fars агенттігінің мәліметінше, кеме Иран ұсынған кеме қатынасы арнасын пайдаланып, ешқандай оқыс оқиғасыз өз жолын жалғастырған.
LSEG мәліметінше, кеме қазіргі уақытта Пәкістандағы Порт-Қасим бағытына бет алған және ертең, жұма, 31 шілде күні межелі жеріне жетеді деп болжанып отыр. Бұл – шілде айының басында Al Rekayyat кемесіне жасалған шабуылдан бері «QatarEnergy» компаниясына тиесілі табиғи газ танкерінің Ормұз бұғазы арқылы алғаш рет өтуі.
Бұған дейін Ислам революциясы Сақшылар корпусының қолбасшылығы АҚШ-ның қоқан-лоқысы жалғасып, аймақтағы кеме қатынасының еркіндігіне кедергі келтірілген жағдайда Ормұз бұғазы жабық қалатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ Американың әскери іс-қимылдарына қолдау көрсететін мемлекеттерге де қатаң жауап қайтарылатынын ескерткен болатын.
Айта кетейік, мұның алдында Иран Қарулы күштері Орталық қолбасшылығының Хатам әл-Анбия штабының ресми өкілі Ибраһим Зұлпақари Иранның активтерінен ақша алатын кез келген компания немесе елге Ормұз бұғазы арқылы өтуге рұқсат етілмейтінін мәлімдеген еді.


















