ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Euronews Директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Дэвидпен кездесуде Астанада Euronews Орталық Азия хабының өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойды.
Еуразия Тудейдің ҚР Мәдениет министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Брюссельдегі жұмыс сапары барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Euronews Директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Дэвидпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Астанада Euronews өкілдігі ашылуының тарихи маңызы зор деп бағалады.
Аида Балаева кездесуде бұл оқиғаны Қазақстанды әлемге қайта таныстыруға керемет мүмкіндік ашатын маңызды оқиға деп атап, Euronews командасының Қазақстан туралы бүкіл әлемге елордасы Астанадан хабар тарататынына қуаныш білдірді.
Euronews Директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Дэвид мұны Қазақстан үшін де, Euronews үшін де өте маңызды қадам деп атап, арнаның бүкіл әлем бойынша 1,2 миллиард көрермені бар екенін, Орталық Азияға шығудың көптен бері жоспарланғанын айтты.
Осы мәліметке сәйкес, Euronews командасы жақын арада қазақтың өнері, мәдениеті мен өмір-салты туралы modern nomads телешоуын, елдегі іскерлік және экономикалық оқиғаларды, «Орталық Азиядан шыққан дауыстарды» — өңірдің белгілі қайраткерлерімен сұхбаттарды, ірі өңірлік іс-шараларды және оқыту тренингтерін өткізуді қамтитын «Шығыс пен Батыстың байланысы» бағдарламасын, бірқатар репортажын көрсетуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар отандық БАҚ және баспасөз қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін шеберлік сабақтарын да өткізбек.














