Астана қаласында V Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, биыл халықаралық пікірталас алаңында «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектке басымдық беру» тақырыбы талқылануда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пленарлық отырыста сөз сөйлеп, ЕАЭО-ның өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономикадағы маңызды субъект екенін баса айтты.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық форум аясындағы ұсыныстар өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдіріп, жиынның жоғары деңгейдегі диалог алаңы ретіндегі рөлін қуаттады.
Қазіргі таңда әлемдік нарықтағы жағдайдың күрделі әрі болжап болмайтын сипатқа ие екеніне тоқталған Президент дәстүрлі экономикалық қиындықтарға ауқымды цифрлық өзгерістер қосылып, болашақта жаһандық «ойын ережелерін» түбегейлі өзгертетінін, осыған байланысты форумның жасанды интеллект тақырыбына арналуы ерекше маңызға ие екенін атап айтты.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев форум аясында «Кедергісіз интеграция: экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлестіктердің диалогы» атты панельдік сессияда сөз сөйлеп, әлемдік экономика тұрақтылығының басты факторы ретінде интеграциялық бірлестіктердің ынтымақтастығын атап айтты. Сессияда ЕАЭО елдерінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселесіне баса назар аударылды.
Сонымен қатар, V Еуразиялық экономикалық форум аясында өнеркәсіптік даму, кооперация және цифрлық трансформацияның негізгі мәселелеріне арналған бірқатар панельдік сессия да өтті.
Форумға Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр қатысуда.
Айта кетейік, Астана қаласында кеше, 28 мамыр күні басталған интеграция, өнеркәсіптік кооперация және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылауға арналған маңызды халықаралық алаңдардың бірі V Еуразиялық экономикалық форум бүгін аяқталады.



















