Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті және Түркіменстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстандықтар Түркіменстанның зор жетістіктеріне шын ниетпен тілеулес және екі ел арасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, тату көршілік қатынастар мен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді», – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы өзара бірлескен күш-жігердің нәтижесінде қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігінің көкжиегі кеңейіп, көпжақты қарым-қатынастың даму қарқыны арта түсетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас Түркіменстан халқына бақ-береке тіледі.
27 қыркүйек Түркіменстанның ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні.




















