Шәһид аятолла Әли Хаменеидің геосаяси стратегиясының өзегі әрдайым ислам бірлігі тұжырымдамасы болды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның шәһид Жоғарғы көшбасшысы жас кезінен сүннит ғалымдары мен ойшылдарының еңбектерін аударып, олардың мұрасын сүнниттер мен шиіттерге ортақ құндылық деп санады.
Раби әл-әууәл айының 12-17 аралығын «Бірлік апталығы» деп жариялаған Ислам Республикасы негізін қалаушының бағытын жалғастыра отырып, Хаменеи бұл тұжырымдаманы практикалық геосаясат деңгейіне көтерді.
Хаменеидің тікелей нұсқауымен 1990 жылдың қазан айында сүнниттер, шиіттер және ибадилер арасындағы диалогқа арналған институционалдық платформа «Ислам мазхабтарын жақындастырудың бүкіләлемдік форумы» құрылды. Содан бері бұл форум жыл сайын Тегеранда бүкіл мұсылман әлемінің ғалымдарын жинап келеді. Сүнниттермен қарым-қатынастың доктриналық негізі алғаш рет 2010 жылдың қыркүйегінде жарияланып, 2016 жылы қайта расталған тарихи пәтуамен бекітілді.
Иран көшбасшысының ресми порталында жарық көрген құжатта «Сүннит бауырлар қадірлейтін тұлғалар мен символдарды қорлауға тыйым салынады» деп көрсетіліп, Пайғамбардың сахабалары мен мүміндердің анасы Айшаны сынауға үзілді-кесілді шектеу қойылды.
Бұл қадам арқылы Тегеран шынайы шиіт теологиясын радикалды ағымдардан бөліп алып, көзқарас қайшылықтары саяси бауырластыққа кедергі болмауы тиіс екенін дәлелдеді.
Хаменеи мазхабаралық араздықты қоздыру тек батыс державаларының мүддесіне қызмет ететінін және үмбетті бөлшектеу олардың басты құралы екенін жүйелі түрде ескертіп отырды.
Шәһид Әли Хаменеи 2025 жылдың мамыр айында Таяу Шығыстағы жағдай туралы: «Егер мұсылман үмбеті бірлікте болғанда, Ғаза мен Палестинада мұндай қайғылы оқиғалар орын алмас еді», — деп ашық мәлімдеді.
Халықаралық аренада бұл доктрина сүнниттік Палестинаның қарсыласу қозғалысын қолдаудан көрініс тапты. Мазхабтық тиесілілікке басымдық бермей, Хаменеи Палестинаны қорғауды бүкіл үмбеттің ортақ парызы әрі тарихи келіспеушіліктерді жоя алатын күш ретінде қарастырды.
Хаменеи Мысырда Мұхаммед Мүрсидің билікке келуін де құптап, бұдан жаһандық «ислам оянуының» нышанын көрді. Осы оқиғадан кейін Каир мен Тегеран арасындағы 1980 жылы үзілген қарым-қатынас қайта қалпына келтірілді. Хаменеидің исламдағы ибадилік мектепке деген көзқарасы терең құрмет және прагматизммен ерекшеленді. Оның 1990 жылы Иранда өткен форум аясында ибадилік бағытты тең құқылы исламдық мектеп ретінде тануы ибадилер мен шиіттер арасындағы араздық тарихына нүкте қойып, теологиялық татуласудың бұрын-соңды болмаған үлгісіне айналды.
Хаменеи Маскаттың бейтараптық пен әділ делдалдыққа негізделген ибадилік дәстүріне сүйенетін бітімгерлік рөлін жоғары бағалады. Маскат та Иран мен араб әлемі арасындағы диалог көпірі ретінде тиімділігін дәлелдеді. 2023 жылдың мамыр айында Сұлтан Хайсам бен Тариқты қабылдаған ирандық көшбасшы Оман дипломатиясына деген сенімін ерекше атап өтті. Конфессияаралық диалогты дамытуда Оманның Бас мүфтиі шейх Ахмад әл-Халилидің тұлғасы ерекше орын алады.
Оның Тегеранда өткен Халықаралық ислам бірлігі конференциясы аясында аятолла Хаменеимен жеке кездесуі ибадилер мен шиіттер арасындағы тарихи алшақтықты еңсеру жолындағы маңызды қадам болды. Бұл кездесудің символдық мәні зор. Себебі, ибадилер әлемінің рухани жетекшісін Иран көшбасшысының жоғары деңгейде қабылдауы мазхабтық қайшылықтардан жоғары тұрып, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа ұмтылудың айқын үлгісін көрсетті.
Шейх әл-Халили аятолла Әли Хаменеидің қазасына байланысты көңіл айту мәлімдемесінде: «Хаменеи бұл дүниеден намыс майданындағы табанды күресі арқылы өтті. Ол Палестина құқығын әрдайым қорғап келген тұлға еді», -деді.
Осылайша, Әли Хаменеидің риторикасы мен іс-әрекеттері оның қатаң, прагматикалық әрі жүйелі стратегияға сүйенгенін көрсетеді. Ол Тақриб идеясын мұсылман әлемін біріктірудің «жұмсақ күш» құралы ретінде тиімді пайдалана білді.
Күпірлікпен айыптауға тыйым салу, сүнниттік құндылықтарды қадірлеу, ибадилер мазхабын ресми тану және империализмге қарсы қозғалыстарды қолдау Тегеран үшін ислам бірлігі кез келген догматикалық шеңберден жоғары тұрғанын айғақтайды.
Бұл тәсіл мазхабаралық диалогтың берік негізін қалап, ислам әлемінің болашақ сәулетін айқындайтын маңызды мұраға айналды.



















