Ресейлік шығыстанушы Мария Кича шәһид Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеимен және оның отбасы мүшелерімен қоштасу рәсімі бүкіл әлемге абырой мен қадір-қасиетті танытқанын баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның қаза тапқан Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи және оның отбасы мүшелерімен қоштасу рәсіміне қатысу үшін Тегеранға барған ресейлік шығыстанушы Мария Кича әсерімен бөлісті.
Оның айтуынша, қаралы шаралардың ауқымы мен ирандықтардың өз көшбасшысына көрсеткен құрметі Иран мен оның халқына деген көзқарасын өзгертуге себеп болған.
Мария Кича болып жатқан оқиғаларға әлі де сене алмайтынын, бірнеше жыл бұрын Иранның Жоғарғы көшбасшысы мен оның отбасы мүшелерінің қаза табатынын да, өзінің Тегерандағы қоштасу рәсіміне қатысатынын да елестете алмағанын айтып: «Мен үшін жиырма, он, тіпті бес жыл бұрын бұлардың бәрі мүлдем ақылға сыймайтын нәрсе еді. Иранның Жоғарғы көшбасшысы мен оның отбасы мүшелерінің өлтірілу фактісі де, олармен қоштасудың ауқымы да, менің осы қаралы шараларға қатысуым мүмкін еместей көрінетін.
Әли Хаменеи 1989 жылы Иранның Жоғарғы көшбасшысы болды. Дәл осы жылы мен дүниеге келдім. Хаменеи мен үшін әрдайым бар тұлға еді. Алдымен Хаменеиді теледидардан және суреттерден көріп, кейін 2025 жылдың маусымында жүзбе-жүз кездесу, ал бір жылдан кейін оның жаназасына келу — санаға сыймайтын нәрсе.
Мен ирандық та, шиіт те, мұсылман да емеспін. Бірақ Әли Хаменеидің өзіне тән ерекше аурасы бар еді. Оны қалай сипаттауды да білмеймін. Мысалы, бір жыл бұрын оның Тегерандағы сөзін тыңдағанымда, Хаменеи көрінген сәтте залдағы адамдардың көбі көз жасына ерік берді. Хаменеидің ерекше харизмасы бар еді. Оның сөзінен жылылық, мейірімділік пен даналық сезіліп тұратын. Мен бұл сезімді бастан өткердім. Ал, онымен бірге өмір сүрген ирандықтар туралы не айтуға болады? Хаменеиді рухани көшбасшы, имандылық үлгісі және өнеге тұтар тұлға деп таныған миллиондаған адамдар туралы не деуге болады?
Қазіргі уақытта ирандықтар елін ықпал мен қуаттылықтың мүлдем жаңа деңгейіне шығарған тұлғамен қоштасып жатыр. Жарты ғасыр бойы Иранға санкция салынып, қараланып, оның әлеуеті үнемі төмен бағаланып келді. Бірақ, қазір Иранның қандай нәтижеге қол жеткізгенін көріп отырмыз. Елді аралап шықсаң, жеткілікті. Ирандықтардың төмен жағдайда өмір сүрмейтінін өз көзіңмен көресің. «Иран барлық қаржыны зымырандарға және Хезболланы қолдауға жұмсайды» деген сияқты пікірлер шындыққа сәйкес келемейді. Иранда заманауи инфрақұрылым бар, қалалары да көрікті. Тегеран қаласы — мен болған қалалардың ішіндегі ең таза қалалардың бірі. Ирандықтар әйелдерді хиджабсыз жүргені үшін таспен ататын фанаттар емес. Керісінше, қалыпты, патриот әрі білімді адамдар. Иә, Иран қоғамының өз ерекшелігі, өз мәдени колориті мен өз мәселелері бар. Бірақ мұндай мәселелер кез келген елде кездеседі.
Мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының Әли Хаменеи туралы не жазғанын және оған қаншалықты күйе жаққанын жақсы білемін. Бірақ соңында белгілі болғандай, оның араб шейхтері сияқты алтын әжетханасы да, Саддам сияқты алтын қарулары да, Каддафи сияқты жібек шатырлары да, Асад сияқты қымбат көлік топтамасы да болмаған екен. Ол өте қарапайым адам еді. Оның билігінде тұтас армия болғанын, сөзі заң ретінде қабылданғанын, мұнай ресурстарына тікелей ықпал еткенін ескерсек те, ол мұндай мүмкіндіктерді жеке бас пайдасына пайдаланбауды таңдаған. Оның таңдаған жолы — шынайы ұлылықтың тамыры тереңде жатқан қарапайымдылық пен кішіпейілділік.
Мен ирандықтарды ұлы әрі ғажайып елдің ұлы әрі ғажайып халқы деп үнемі айтып жүремін. Бүгінгі таңда олардың соңғы жарты жылда бастан өткергенін кім көтере аларын білмеймін. Иран идеясы, идеалы және идеологиясы бар идеократия. Сондықтан Иран ең басты нәрсені істей алды. Ол бүкіл әлемге абырой мен қадір-қасиеттің не екенін көрсетті»,-деді.


















