Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Тунис Республикасының ауыл шаруашылығы, су ресурстары және балық шаруашылығы министрі Абдельмонем Белати агросектордағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
АШМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Айдарбек Сапаров жеткізілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту туралы айта келе, Қазақстан дәстүрлі түрде дәнді дақылдар мен оларды қайта өңдеу өнімдерінің экспорты бойынша жетекші орынға ие екенін атап өтті. Биыл қазақстандық бидайдың Туниске экспорты басталып, ел нарығына 72,7 мың тоннасы жеткізілді. АШМ басшысы бұл үрдісті жалғастыруды және дәнді дақылдардан басқа отандық ұн мен ұн өнімдерін, макарон және кондитерлік өнімдерді, өсімдік майлары мен балды сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Тунистен бүгінгі күні біздің елге негізінен құрма мен жеміс-жидектер жеткізіледі. Тараптар Қазақстанға зәйтүн және зәйтүн майын жеткізу мәселесін талқылады.
Министр сонымен қатар Туниспен бірлесіп жаңа логистикалық маршруттар құру мәселелерін пысықтау қажеттігін атап өтті.
Айдарбек Сапаров Тунис компанияларын Қазақстан аумағында өндіріс ұйымдастыруға шақырды.
Тунис тарапы өз кезегінде ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, соның ішінде құрғақшылықпен күресу саясаты саласындағы ынтымақтастықты арттыруды ұсынды. Ел екі мемлекетте де қолдануға болатын заманауи ауылшаруашылық технологиялары мен инновациялары туралы білім алмасуға дайын.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті.



















