Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қазақстан халқы қартаюға бет бұрған. Өткен жылдың басында Қазақстанда 65 жастан асқан әйелдердің үлесі 10,1 пайызды құрады. Осы тұста он жыл бұрын бұл көрсеткіш тек 8,2 пайыз болған.
Ал 65 жастан асқан ер адамдар үлесі он жыл ішінде 4,8 пайыздан 6,1 пайызға дейін артқан.
Зерттеуге сәйкес, халықтың қартаюы ХХІ ғасырдың негізгі үрдістерінің бірі болып отыр. Оның қоғам өміріне айтарлықтай әсері бар. Халықтың жалпы санындағы егде жастағы адамдар үлесінің артуы көп елде байқалады.
Сарапшылардың айтуынша, халықтың қартаюы экономикадағы проблемаларға әкелуі мүмкін.
БҰҰ-ның болжамына сәйкес, алдағы онжылдықта дүние жүзінде 65 жастан асқан адамдар саны екі есе өседі. Яғни 2021 жылғы 761 миллионнан 2050 жылы 1,6 миллиардқа дейін жетеді. Ал, 80 жастан асқан адамдар саны одан да тез өседі.
БҰҰ болжамы бойынша Қазақстанда егде жастағы демографиялық жүктеме коэффициенті де артуы мүмкін. Егер былтыр бұл коэффициенттің мәні 12,9 пайызды құраса, 2025 жылға қарай -14,1 пайыз, 2030 жылға қарай-15,9 пайыз, 2040 жылға қарай-17,1 пайыз, 2050 жылға қарай-19 пайыз болады.
Сарапшылардың айтуынша, бұл тенденция кезінде елдегі жинақтаушы зейнетақы жүйесі оңтайлы нұсқаның бірі болып қалмақ. Себебі бұл мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, алдағы уақытта жинақтық зейнетақы мөлшерін де арттыра алады.
Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандырудың тарату жүйесінен жинақтаушы түріне 1998 жылдан бастап біртіндеп көше бастаған еді. Болашақта халықтың өмір сүру ұзақтығының артуы кезінде жинақтаушы жүйенің маңызы арта түспек.
Халықтың қартаюын ескере отырып, әлемде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу үрдісі кең таралуда. Егер 2001 жылы тарату зейнетақы жүйесі активтерінің үлесі 62 пайыз болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 46 пайызға дейін төмендеген. Бұл ретте жинақтаушы зейнетақы жүйесі активтерінің үлесі 38 пайыздан 54 пайызға артқан.
Соңғы он жылда жинақтаушы құрамдас бөлігі бар зейнетақы қорының активтері жылына 9,0 пайызға, таратушы зейнетақы қорының активтері жылына 4,8 пайызға ұлғайғаны байқалады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі бар елдердің қатарында АҚШ, Аустралия, Дания, Швеция, Гонконг, Үндістан, Чили, Индонезия және Сингапур бар.
Сарапшылар бұл жүйенің зейнетке шыққандардың лайықты өмір сүруінің ең жақсы кепілі деп бағалайды.



















