Ақорданың хабарлауынша Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Астанада шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сізбен елордамызда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздің сапарыңыз біздің бауырлас елдеріміз арасындағы шынайы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие. Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік, одақтастық қарым-қатынас туралы айтуға толық негіз бар. Астанадағы тәжік мәдениеті күндерінің ашылуына сіздің арнайы келуіңіздің өзі көп нәрсені аңғартады. Сіздің сапарыңызды жоғары бағалаймын», деді.
Эмомали Рахмон: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, шақыртуыңызға, ілтипатыңызға, қонақжайлық көрсеткеніңізге көп рақмет! Ең алдымен, бүгін сізбен екі ел арасындағы қарым-қатынастың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағым келеді», деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның мамыр айында Қазақстанға сапары кезінде қол қойылған Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияның сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтті Президенттің айтуынша, биыл 6 айда тауар айналымы 500 миллион доллардан асқан. Бұл ретте өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Эмомали Рахмон да екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайына жоғары баға берді.
– Тәжікстанның мәдениет күндерін және көрмесін, сондай-ақ еліміздің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секторы өнімдерінің жәрмеңкесін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткізуге қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын.
Бұл шараларды Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы қарым—қатынастың, стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың үздіксіз дамуының бір белгісі деп бағалаймыз. Бұл шаралар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым—қатынастардың орнағанына 30 жыл толған кезеңде өтуінің өзіндік мәні бар.
Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым—қатынастың өзара түсіністік, жоғары құрмет пен сенімге негізделгені қуантады. Байланыстарымызды одан әрі нығайту Тәжікстанның сыртқы саясатының негізгі басымдығы болып қала береді, – деді Тәжікстан Президенті.
Әңгімелесу барысында сауда-экономика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-әрекетті одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.


















