Қазақстанға ресми сапармен келген Әзірбайжан Республикасы Қорғаныс ведомствосының өкілдері бірқатар әскери мекемелерде болып, Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің қызметімен танысты.
Әзірбайжан Республикасы Қорғаныс ведомствосының өкілдері Ұлттық қорғаныс университетінде болды. Әскери оқу орнында меймандар үшін экскурсия және біліктілікті арттыру курстарының бағдарламасымен таныстыру ұйымдастырылды.
Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Әзірбайжан әскерилерімен Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары полковник Ермиян Бятов кездесті. Ол қонақтарға Департамент қызметінің негізгі бағыттары, оның құрылымы, қолданыстағы мемлекеттік-құқықтық дайындық жүйесі, психологиялық қызмет, ақпараттық, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар туралы айтты.
Полковник Ермиян Бятов шетелдік қонақтарға «Астана – мәдениет керуені» халықаралық әскери оркестрлер музыкалық фестиваліне шығармашылық ұжымының қатысқаны және «Айбын-2023» IX халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында Әзірбайжан командасының өнер көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Дәстүр бойынша қонақтар ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайына барып, елорданың көрікті жерлерімен танысты.



















