Татарстан астанасы Қазан қаласында 5 қыркүйек күні XІХ Қазан Халықаралық мұсылман кинофестивалі басталды.
Салтанатты рәсім Галиаскар Камал атындағы Татар мемлекеттік академиялық театрының алаңында өтті.
Фестивальге Ресей, Үндістан, Марокко, Тәжікстан, Пәкістан, Қазақстан, Сауд Арабиясы, Түркия, Грекия, Сенегал, Ұлыбритания және т.б. елдерден 52 фильм қатысуда.
«Толықметражды ойын фильмдері», «Қысқаметражды ойын фильмдері», «Толықметражды деректі фильмдер» және «Қысқаметражды деректі фильмдер» номинацияларында он картина ұсынылды. Сонымен қатар татарстандық кинорежиссерлер 12 туындысын ұсынған.
Фестивальге қатысатын фильмдердің негізгі тақырыбы-жалпыадамзаттық құндылықтар, рухани және адамгершілік бағдарлар, мәдени дәстүрлер мен төзімділік пен гуманизм принциптері.
XIX Қазан Халықаралық мұсылман кинофестивалі Татарстан астанасында 5-9 қыркүйек аралығында Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов пен Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ «Ресей-Ислам әлемі» стратегиялық көзқарас тобымен серіктестікте өтеді.
Еске сала кетсек, былтыр белгілі қазақстандық режиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» фильмі XVIII Қазан Халықаралық мұсылман кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасында қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болған еді.















