Кеше, 25 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұлттық мереке – Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келді, деп хабарлайды ақпарат тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Ресей Президенті Владимир Путин Мемлекет басшысын Республика күнімен құттықтап, елімізге табыс пен бақ-береке тіледі.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және достас Қазақстан халқына өзінің жүрекжарды лебізі мен ізгі тілегін жолдады. Ол соңғы жылдары Қазақстанда тұрақты экономикалық даму байқалатынын, еліміздің өңірлік және халықаралық істерде ықпалы күшейіп келе жатқанын атап өтті.
Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына жолдаған өзінің құттықтауында екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаған.
Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королі III Чарльз Қазақстанмен арадағы достық қатынастар және екіжақты серіктестік одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон өзінің құттықтауында ұзақ жылдар бойғы екіжақты стратегиялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды екенін атап өтті.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев өз құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды және жүйелі реформалардың нәтижесінде заманауи Қазақстан тұрақты дамып келе жатқанын, ал оның өңірлік және жаһандық деңгейдегі өзекті бастамаларын халықаралық қоғамдастық лайықты мойындайтынын атап өткен.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі бастамасын қазақ халқы ұдайы қолдайтынын айтқан. Сонымен қатар ол одақтастық қатынастардың қазіргі оң динамикасы екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағытында ауқымды жоспар құруға мүмкіндік беретінін жеткізген.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қоғам өмірінің басқа да салаларында қол жеткізген толайым табыстарын жоғары бағалады.
Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түркіменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов тату көршілік, өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген екіжақты қарым-қатынасқа ерекше назар аударған.
Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев өз жеделхатында бауырластық пен өзара сенімге негізделген тарихи тамыры терең әзербайжан-қазақ қарым-қатынасын жан-жақты дамытуға баса мән беретінін жазған.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко құттықтау хатында Қазақстанның егемендік пен аумақтық тұтастықты нығайту үшін жүзеге асырып жатқан шараларын, экономика мен әлеуметтік салалардағы қолға алған ауқымды өзгерістерін, көпұлтты мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатта сындарлы ынтымақтастық орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаған.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас Қазақстан халқын Ұлттық мерекемен құттықтап, елімізге бақ-береке тіледі.
Словакия Президенті Зузана Чапутова Мемлекет басшысына тұрақты, әділетті және бақуатты Қазақстанды дамытуға бағытталған реформаларды іске асыруда табыс тіледі. Сондай-ақ ол халықаралық құқық қағидаттарын құрметтеуге негізделген өзара ынтымақтастықтың нәтижесінде елдеріміз қазіргі заманның сын-қатерлерін бірге еңсеретініне сенім білдірді.
Сербия Президенті Александр Вучич өзінің жеделхатында екі ел арасындағы өзара құрмет пен түсіністікке құралған дәстүрлі достық қатынастардың нығайып келе жатқанын атап өтті. Александр Вучич Сербия және Қазақстанның мүддесі мен игілігі жолындағы өзара ықпалдастық алдағы уақытта да кеңейеді деп сенетінін жазған.
Сонымен қатар өздерінің құттықтауларын Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Сауд Арабиясы Королінің Тақ мұрагері – Министрлер кеңесінің төрағасы Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Рим Папасы Франциск, Жапония Императоры Нарухито, Марокко Королі VI Мұхаммед, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид, Испания Королі VI Фелипе, Нидерланды Королі Виллем-Александр, Швеция Королі Карл Густав, Үндістан Президенті Драупади Мурму, Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёль, Сингапур Президенті Тарман Шанмугаратнам, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Италия Президенті Серджо Маттарелла, Болгария Президенті Румен Радев, Грекия Президенті Катерина Сакелларопулу, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Португалия Президенті Марселу Ребелу де Соуза, Румыния Президенті Клаус Йоханнис, Швейцария Президенті Ален Берсе, Латвия Президенті Эдгарс Ринкевичс, Польша Президенті Анджей Дуда, Финляндия Президенті Саули Ниинистё, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Аустралия Генерал-губернаторы Дэвид Хёрли, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Мьянма штаты Әкімшілік кеңесінің төрағасы Мин Аун Хлайн, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Мария Шмид, ИСЕСКО Бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Малик, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов және басқалар жолдады.




















