Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.
Ашылу рәсіміне ҚХР білім министрінің орынбасары Ван Гуанянь, университеттің Партия комитетінің хатшысы Ни Хайдун, ректоры Дуан Пэн және Мемлекет басшысына сабақ берген университет профессоры Лю Шицинь, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік өнер мұражайының директоры, мүсін авторы У Вэйшань қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталды.
«Баршаңызға мәлім, Әл-Фараби -Шығыстың ұлы ойшылы, оның әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Әл-Фараби Қазақстан аумағында туып-өсті, білім іздеп көптеген елге барды.
Математика, жаратылыстану, астрономия, филология және басқа да бірқатар ілімді дамытуға зор еңбек сіңірді. Адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол философиялық туындыларында әділдік идеясына ерекше назар аударды.
Қайырымды қоғам және үйлесімді мемлекет құру мәселесіне баса мән берді. Адамгершілік пен рухани құндылықтарды дәріптеді. Ғалым музыка және каллиграфия өнерін зерделеді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев энциклопедиялық деңгейдегі, яғни жан-жақты білімі бар Әл-Фарабиді замандастары Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп атағанына назар аударды.
Мемлекет басшысы ғалымның еңбектері әрқашан өзекті және өз құндылығын жоғалтпайтынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бір кездері осы оқу орнында білім алғанын еске алып, Әл-Фарабиге қойылған бюстінің ашылуы үлкен мәртебе екендігін айтты.
Мемлекет басшысы мұнда ұлы ойшылдың мұрасы жан-жақты зерттелетініне, сол арқылы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Қытай үкіметіне, Бейжің Тіл және мәдениет университетіне, Қытайдың ұлттық өнер мұражайына және мүсін авторы У Вэйшаньге бастаманы қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.



















