ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Бейжіңге ресми сапармен барған АҚШ Президенті Дональд Трамптың кездесуі басталды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде екіжақты және халықаралық мәселелерді талқылауға кірісті.
Си Цзиньпин мен Дональд Трамп келіссөзге дейін Тяньаньмэнь алаңы маңындағы Халық жиналысы үйінің шығыс қақпасында ресми қарсы алу рәсіміне қатысты.
Келіссөз барысында Ирандағы соғыс, технологиялар және чиптер экспорты, америкалық бизнестің Қытай нарығына шығуы және Тайвань мәселесі төңірегіндегі тақырыптар талқыланады.
Трамп америкалық компаниялардың Қытай нарығындағы үлесін кеңейтуге қол жеткізгісі келеді. Ал, Бейжің АҚШ енгізген технологиялық шектеулердің жұмсартылуына мүдделі.
Айта кетейік, АҚШ Президенті Дональд Трамп кеше, сәрсенбі, 13 мамыр күні ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізу үшін Бейжіңге келді. Бұл Америка президентінің соңғы тоғыз жылға жуық уақыт ішіндегі Қытайға жасаған алғашқы сапары.



















